Basty bet

Талаптыда өткен тағылымды кездесу

Үстіміздегі жылдың 16 тамызында аудандық тарихи-өлкетану музейі жоспарлы іс-шарамен Талапты ауылының клубына «Б.Момышұлы мұрасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Шараның мақсаты – ауыл тұрғындарын ауданымыздан шыққан қаһарман батыр, жазушы және еліміздің біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлы туралы өнегелі әңгіме айту және Жуалы аудандық тарихи – өлкетану музейінің көне жәдігерлерімен таныстыру.
Музей қызметкерлері Д.Байдалиев,Б.Помашев, М.Нұрсұлтанова, М.Ғани музей жәдігерлерінің бір бөлігін апарып көрме ұйымдастырды. Бұл іс – шараға ақсақалдар алқасының төрағасы Ералиев Әбуғали қатысты.
Талапты ауылдық клубының қызметкерлері жылы шұраймен қарсы алып, көрме ұйымдастыруға мүмкіндік жасап, ауыл тұрғындары мен жасөспірім балаларды, қызметкерлердің қатысуын қамтамасыз етіп берді.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев музей жәдігерлерімен, ғасырлар тереңіне тамыр тартқан тарихы туралы көрермендерді таныстырды. Жәдігерлердің табылған жерлері, жасалған мерзімі, сипаттамасы, құрамы, жасалу технологиясы және қалай, қандай мақсатта қолданылғандығы туралы терең ғылыми мәліметтерге негізделген мәліметтерімен бөлісті. Сонымен қатар, ауданымыздағы киелі, қасиетті орындардың атаулары мен орналасқан жерлерін, тарихи маңызы мен мағынасын айтып берді. Өскелең ұрпаққа тарихи, көне жәдігерлердің тарихымыздың ажырамас бір бөлігі екендігін атап өтті.
Сондай-ақ , қандай да бір көне жәдігерлерді музей қорына өткізуге шақырды. Себебі, оны халық көріп, танысып, біліп жүруі керек. Дәулетжан Байдалиев өз сөзінде Жуалының жері Талапты ауылының перзенттері Бауыржан Момышұлы мен биыл 90 жылдығы аталып өтілетін Шерхан Мұртаза жайында біраз тың әңгімені тілге тиек етті. Осы кісілерге арнаған өзінің «Күзгі шуақ» атты кітабынан өлең шумақтарын оқып берді.Кездесу соңында ақсақалдар алқасының төрағасы Әбуғали Ералиев қорытынды жасады.Соңында көрмеге келген қонақтар музей қызметкерлерімен суретке түсіп, алғыстарын айтып қоштасты.

Мария Нұрсұлтанова,
музей қызметкері

Таңдаулы материалдар

Close