Basty bet
Шындық пен шынайы ақпарат
Бұқаралық ақпарат құралдары — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ал журналистика қоғаммен бірге өмір сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Журналист арқалаған жүк әманда жеңіл емес. Фейк, біржақты ақпараттардың өршіп тұрған уақытында интернет-сайттарға жаңалықтардың жылдам берілуін қанша мақұлдай алсақ та, ол газет пен журналдай бола алмайды. Тасқа басылған дүние қашанда салмақты және нанымды. Мұны неге айтып отырмыз?
Журналистер күні қарсаңында, 19 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Енді жаңа заңға бағынып, жұмыс істейміз. Жаңа заңға сәйкес, «масс-медиаға» бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) ғана емес, интернет-ресурстар да жататын болды. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заң бұдан былай күшін жояды. Заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саласының даму үрдісін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жаңа заң медиа саласы өкілдерінің, көпшілік қоғамның жан-жақты әрі кең ауқымды талқысынан өтті. Оған депутаттық корпус, журналистік қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысты. «Масс-медиа» туралы жаңа заң заман талабына сай қажет болды. 1999 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы заңға 40-тан астам өзгеріс енгізілді. Жаңа заңды заманға сай бейімдеу – уақыт қажеттілігінің айқын көрінісі екенін ұғынуымыз керек. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заң жобасын дайындау барысында жұмыс тобы 57 отырыс өткізгенін айтты. Оған БАҚ өкілдері, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді түрде қатысты.
Жаңа Заңда бірқатар тың ережелер бар. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі кең ұғым енгізілді. Жаңа заңда мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған.
Мұнда журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленді. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Демек, журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын журналист мәртебесі деп түсіну керек.
Енді шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл деп белгіленді. Бұрын тиісті мекемелерден ақпарат алу қиынға соққаны белгілі. Енді жаңа заңға сәйкес, БАҚ-тың сұратуын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді.
БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестің негізгі қызметі – журналистердің әдеп кодексін әзірлеу.
Тағы бір қуантарлығы, отандық медианарықта алдағы жылдардан бастап мемлекеттік тіл үстемдігін жүргізе бастайды. Нақты айтсақ, ұлттық телерадио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық телерадио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылады. Ал кезең-кезеңмен көшу тәртібі – 5 пайыз, яғни 2025 жылдан бастап 55, 2027 жылдан бастап 60 пайыз шамасында болады. Ал отандық теле-радио арналарда шетелдік телерадио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетіледі.
Бұл ғана емес, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға немесе жариялауға тыйым салынады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі масс-медиаға «қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты» мониторинг жүргізе алады. Өйткені соңғы кездері мәдени және отбасылық құндылықтарды жоюға бағытталған ақпараттық материалдардың таралуы көбейіп кетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасөспірімдер теріс және деструктивті хабарламалар тарататын топтарға тартылуы мүмкін. Сол себепті жаңа заңға бұл норманың енгізілуі халық сұранысынан туындағанын айта кету керек.
Негізі журналистика – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Сондықтан журналистің фейк және біржақты ақпарат таратуы, ең алдымен, оның өзіне абырой әпермейді. Халықты жалған ақпаратпен алдауға болмайды. Адам баласы сенімді ақпаратқа илануы керек. Мәселені жан-жақтан саралап, зерттеп барып жазылған мақала ғана оқырманның шынайы ықыласына ие болады.
Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Блогерлер көбейді, бірақ екінің бірі журналист бола алмайды. Сенімді ақпарат қана сапалы жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Бұрмаланған дерек дүниені шатастырады. Бізге керегі – шындық пен шынайы ақпарат. Оқырманға береріміз де осы.
…Мерекеміз құтты болсын, әріптестер!
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»