Basty bet

Мұқтаж жанға жәрдем беру – азаматтық парыз

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп дана халқымыз айтқандай, қайырымдылық жасау адамның ғана істейтін ісі емес, ол жүрегі мейірімге толы әр адамның ісі. Адам баласының ең жақсы қасиеттерінің асылы да жомарттық, кеңпейілділік, мейірімділік екені белгілі. Ал, қайырымдылық – халқымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның азаматтық парзы.

Ауданның жастары үнемі қайрымдылық істердің жаршысы болуда. Олар үнемі көмекке мұқтаж жандарға көмек қолып созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырады. Аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан «Qamqor» волонтерлық қайырымдылық клубы құрылған. Клубтың жұмысын жандандыру, түрлі игі істерді ұйымдастыру оның төрағасы Дамир Рақымбекке жүктелген. Аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған волонтерлық қамқорлық клубындағы ерікті жастар әрдайым игі істердің басы-қасынан табылады.
Сонымен қатар, ауданда «Qamqor» волонтерлық қайырымдылық клубының жанынан «Qamqor» қайырымдылық дүкені де жұмыс істейді. Дүкен Б.Момышұлы ауылы Жамбыл көшесінің бойында орналасқан. Дүкеннің жұмысын қазіргі таңда аудандық жастар ресурстық орталығының психологы Назерке Мақтабаева жүргізеді.
-Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Осы ретте, “Қамқор” волонтерлық қайырымдылық жобасын іске асыру мақсатында ауданда мұқтаж отбасыларға арналған қайырымдылық дүкені іске қосылған болатын, – дейді жас маман Назерке Әбілқасымқызы.
Дүкеннің іші түрлі киім-кешекке, аяқ киімге толып тұр. Киімдерді әр жасқа байланысты сұрыптап, ілгішке іліп, жинақы етіп қойған. Мұндағы киімдердің барлығы мұқтаж отбасыларға тегін беріледі. Дүкенге киімдерді ауданның тұрғындары алып келеді. Қайырымдылық дүкеніне қойылатын киімдердің де өз талаптары бар. Яғни, киім таза, жыртылмаған, бөтен иісі жоқ болуы керек.
-Дүкенге киім өткіземін деушілер бізбен тікелей байланысады. Біз алып келген киімдерді тексеріп алып, ішінен жарамды дегендерін ғана сұрыптаймыз. Жиналған киімдерді жөнге келтіріп, барынша жуып, тазалаймыз. Өйткені, қайырымдылық дүкені болған соң киім-кешек қажет деп санаған жанға біз де дұрыс зат ұсынғымыз келеді. Қолданысқа жарамды, таза, бүтін болуын қадағалаймыз.
Тұрғындар дүкенге келіп, өздеріне ұнаған заттарын таңдап алып кетеді. Кейде ата-аналар балаларын ертіп те алып келеді. Біз бұл жерден ешкімге мәжбүрлеп киім бермейміз. Барлығы алам деуші жанның өз еркінде. Егер ұнатпаса, өзіне керекті деп жаратпаса қинамаймыз. Біздің мақсат – тек көмекке шын мұқтаж жанға қол ұшын созу, – дейді жас маман.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close