Basty bet
Белсенді жастар – берекелі ауылдың тірегі
Халықаралық жастар күні – бұл өткенді бағамдап, жастардың әлеуеті мен бастамаларын дәріптейтін маңызды күн. Білімді, белсенді және бастамашыл жастар – еліміздің ең үлкен байлығы. Олар жаңа Қазақстанды қалыптастыруда алдыңғы қатарда болып, ел дамуына жаңа тыныс береді.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 234 жастар ресурстық орталығы жұмыс істеп, аймақтарда жастар бастамаларын қолдап келеді. Ауданда да мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықты Сәбит Қадыров басқарады. Мұнда жалпы 33 адам еңбек етеді. Оның ішінде, ауданға қарасты 14 ауылдық округте жастармен жұмыс жөніндегі маман бар.
Осы орайда, Көкбастау ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу, қоғамдық белсенділігін арттыру және жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық округтің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Бота Бижігітова 2024 жылдың 1 тамызынан бастап осы бағытта қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда Көкбастау ауылдық округінің жалпы халық саны 3294 адамды құраса, оның ішінде 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 985. Бұл жалпы тұрғындардың 29,9 пайызын құрайды.
Ауылдағы жастармен жұмыс жөніндегі маманның мақсаты – ауыл жастарының әлеуетін дамыту, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету және мемлекеттік жастар саясатын ауылдық деңгейде тиімді жүзеге асыру. Осы мақсатта жастардың әлеуметтік жағдайы мен қажеттіліктерін зерделеу, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру, жұмыссыз және оқымайтын жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриоттық тәрбие беру, құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, құмар ойынға тәуелділіктің және басқа да келеңсіз құбылыстардың алдын алу бағыттарында жұмыстар атқарылуда.
Биыл округте жастармен жұмыс жөніндегі маманның ұйымдастыруымен 11 бағыт бойынша барлығы 143 іс-шара өткізілген. Атап айтқанда, рухани-адамгершілік бағытта – 15, әскери-патриоттық бағытта – 14, спорттық бағытта – 13, мәдени-шығармашылық бағытта – 19, құқықтық бағытта – 13, діни бағытта – 4, психологиялық-танымдық бағытта – 21, жастарға кеңес беру бағытында – 20, экологиялық мәдениет бағытында – 12, этносаралық келісім бағытында – 2, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында 10 іс-шара ұйымдастырылған.
Соның ішінде жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қыз балалардың спортқа, мергендікке және әскери-патриоттық бағытқа қызығушылығын арттыру мақсатында «Мерген ару» байқауы да дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтуге болады. Аудан көлемінде бұл сайыс 2025 жылдан бастап ұйымдастырылса, осы дәстүр биыл да жалғасын тауып, аудандық «Мерген ару – 2026» сайысы өткізілген. Биылғы сайысқа қатысушы қыздардың саны артып, жастардың қызығушылығы жоғарылағаны байқалған. Қатысушылар мергендік сайысында өздерінің дәлдігі мен ептілігін көрсетіп, белсенділік танытуы – жастардың әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларға деген қызығушылығының артып келе жатқанының айқын көрінісі. Аталған сайыс алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Жастардың қоғамға пайда келтіруіне, қайырымдылық пен жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруға волонтерлік қозғалыстың берері мол. Осы ретте, бекітілген жоспарға сәйкес Бота Нұржанқызының ұйымдастыруымен волонтерлік қозғалыстың 22 бағыты бойынша 58 іс-шара өткізген. Олардың қатарында дағдарыс орталықтарындағы волонтерлік қызмет, медициналық волонтерлік, азаматтық қоғамды дамыту, білім беру, өнер саласындағы волонтерлік, хоспистерге көмек көрсету, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге қолдау көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру үйлеріндегі балаларға және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету бағыттары бар.
Сонымен қатар, қарттар мен жалғыз тұратын адамдарға, қиын өмірлік жағдайдағы азаматтарға көмек көрсету, көпшілік кеңістіктерді дамыту, нашақорлық пен басқа да тәуелділіктердің алдын алу, жануарларға көмек көрсету, ивент-волонтерлік, спорттық және саламатты өмір салтын насихаттау, төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлік, экологиялық және этноволонтерлік бағыттар бойынша да бірқатар игі істер атқарылуда.
Жастардың әлеуметтік жағдайын бақылауда ұстау мақсатында «Отбасылық цифрлық картасы» жүйесі арқылы да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Көкбастау ауылдық округінде аталған жүйеде 7 жас тіркелген. Оларға адрестік жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, Бақалы ауылында – 1, Теріс ауылында – 2, Қосбөлтек ауылында – 1, Көктөбе ауылында – 3 жас бар. Адрестік жұмыстардың нәтижесінде, 3 жастың көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталса, 4 жас округте тіркеуде тұрғанымен, басқа қалада жұмыс істейтіні белгілі болған. Жыл басында 12 жастың NEET санатына жатқаны анықталып, жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде олардың бесеуі NEET санатынан шығарылған. Қазіргі таңда округте 7 жас осы санатта қалып отыр. Олармен алдағы уақытта да жеке жұмыстар жүргізіліп, жұмыспен қамтуға және тиісті мемлекеттік бағдарламаларға тартуға басымдық берілмек.
Елдімекенде жастарды еңбекке тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ауылды абаттандыру жұмыстарына атсалысуына мүмкіндік беру мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында да нақты жұмыстар атқарылуда. Яғни, көктемгі көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жеке өтініштері мен «Мансап» орталығының жолдамалары негізінде білім алушылар, NEET санатындағы жастар және уақытша жұмыссыз жүрген 11 жас «Жасыл ел» еңбек жасағына қабылданып, 30 сәуірге дейін еңбек етті. Ал, 4 мамырдан бастап бағдарлама бойынша тағы 10 жас жұмысқа тартылып, олар 31 мамырға дейін елдімекеннің тазалығына үлес қосты. Осылайша, биыл Көкбастау ауылдық округінен жалпы 21 жас «Жасыл ел» еңбек жасағына қабылданған. Жастар еңбегінің нәтижесінде ауылдық округтің аумағындағы 8 гектар жер тазартылып, екі тоннадан астам қоқыс шығарылған.
“Көкбастау ауылдық округінде жастармен жұмыс тек іс-шара өткізумен шектелмей, әр жастың мәселесіне назар аударуға, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға және нақты қолдау көрсетуге бағытталып отыр. Жастардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, қоғамдық өмірге араласуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына жағдай жасау – басты міндеттерімнің бірі. Бүгінгі белсенді жас – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан ауыл жастарының бастамаларын қолдау, олардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді дамыту және қоғамға пайдалы істерге жұмылдыру – ауылдың әлеуметтік дамуына жасалған маңызды қадам. Көкбастау ауылдық округінде қолға алынған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың жан-жақты дамуына, еңбекке араласуына және туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосуына бағытталатын болады” дейді ауылдық округтегі жастармен жұмыс жөніндегі маман Бота Нұржанқызы.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”