Basty bet
Мемлекеттік қызметшілер спорт түрлерінен сынға түсті
Жыл сайын 23 маусымды Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері кәсіби мереке ретінде атап өтеді. Мемлекеттік қызметтің мемлекет дамуында алар орнының маңызды екенін ескерсек, бұл мерекенің ел дамуында орны ерекше. Өткен жұма күні 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай аудан орталығындағы Спорт кешенінде спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Атаулы мерекеге ауданның мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдан бері тер төгіп келе жатқан азаматтар шақырылды. Олардың арасында аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары, ауылдық округтің әкімдері, т.б. азаматтар бар.
Өңірдің мемлекеттік қызметшілерін айтулы мерекемен аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов құттықтады.
-Құрметті мемлекеттік қызметшілер және қадірлі әріптестер!
Сіздерді кәсіби мереке – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызмет дегеніміз – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату деген сөз. Әрбір өркениетке құлаш ұрып, оған қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметші екені белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеріп, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет туралы халыққа үндеу сөзінде: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес»,- деп ерекше атап өткені белгілі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге мемлекет тарапынан да, халық жағынан да айрықша жауапкершілік пен маңызды міндет жүктеледі.
Туған өңірдің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің жанкешті еңбегінің жемісіне байланысты. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ғана қасиетті өңірімізбен қатар, еліміз де табысы мол, гүлденген мемлекетке айнала алады.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, әрбір отбасына амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық пен өркендеу тілеймін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын,- деп атап өтті Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Жиын ары қарай спорттық ойындармен жалғасты. Атап өтетін болсақ, мемлекеттік қызметшілер кіші футбол, гір тасын көтеру, шахмат, дойбы және дартс спортынан өзара сынға түсіп, шеберліктерін тағы бір шыңдады. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілердің арасында ұзақ жылдан бері саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысатындары да көптеп саналады. Спорттық іс-шараның қорытындысында жеңімпаз атанған азаматтар Дипломдармен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылатын спорттық іс-шаралардың маңызы зор.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»