Basty bet

Такси жүргізушілеріне заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандағы такси қызметін заңдастыру және салық талаптарын түсіндіру мақсатында аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев аудандағы такси жүргізушілерімен кездесу өткізді.
Кездесуде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Әсия Өмірбаева такси қызметімен айналысатын азаматтарға салық заңнамасындағы өзгерістер, тіркелу тәртібі және арнайы салық режимдері туралы кеңінен түсіндірді.
-Жаңа салық кодексімен кірісі көп емес тұлғаларды, сондай-ақ, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін тартпай-ақ қызметін кезең-кезеңімен жүзеге асыратын тұлғаларды қолдау мақсатында (оның ішінде қызметті платформалық жұмыспен қамту арқылы жүзеге асыратын адамдар үшін) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР (арнайы салық режимі) көзделген.
Сіздерге арнайы салық режімін түсіндірер болсам, «Арнаулы салық режимі» (АСР) дегеніміз не? 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексінің күшіне еніп, ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) енгізілді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, сондай-ақ, шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған АСР. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тек салықтарды ғана емес, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін де реттейді,- деді салық басқармасының маманы.
Кірістер басқармасының маманына көлік жүргізушілері салық туралы сұрақтарын қойды.
Әрі қарай аталған бөлім басшысы Руслан Ғабитұлы таксопарк жүргізушілеріне автокөлік құралдарының рейс алдында техникалық тексеруден, такси жүргізушілерінің рейс алдында және рейстен кейін медициналық тексеруден өту қажеттігін айтты. Сол үшін қазіргі заман талабына сай әр таксопаркте бір медбике болу керек екені айтылды. Одан бөлек, ақпараттық-диспетчерлік қызметінің болуы немесе ақпараттық диспетчерлік қызмет көрсету жөнінде шарт жасасу қажет екені, әр автокөлік құралын таксометрмен жабдықтау керектігі айтылды. Ал, он және одан көп такси болған кезде әрбір он таксиге шаққанда кемінде бір инватаксиінің болу керектігі ескертілді.
Жиналысқа шақырылған такси жүргізушілері бөлім басшысына көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, қазіргі таңда такси жүргізушілерін көп алаңдататын мәселе ол – Бауыржан Момышұлы ауылындағы және Ақсай ауылдық округіндегі қойылған жасанды жол кедергілері. Әсіресе, Б.Момышұлы көшесінің өзінде 10-ға жуық жасанды жол кедергісі орнатылғанын, ол талапқа сай қойылмағанын айтты. Такси жүргізушілерінің сұрақтарын тыңдаған аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев оларға нақты және тұшымды жауап берді. Айта кететін болсақ, қазіргі таңда ауданда төрт таксопарк және жеті автобус қатынайды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, таксопарк жүргізушілері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, бірлескен жұмыстың ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін жеткізді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close