Basty bet
Жамбыл облысының әкімі Тараздағы құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын тексерді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жұмыс сапары «Балауса» (14) шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңынан басталды. Мұнда «Тараз-Ісмер» ЖШС жүргізіп жатқан тұрғын үй құрылысының сапасы бағаланып, мердігер мекемеге құрылыс қарқынын төмендетпей, нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау тапсырылды. Бұл жұмыстар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы 14-шағынауданда 145 тұрғын үйдің, екі мектептің, үш балабақшаның, облыстық онкологиялық диспансердің, көпсалалы аурухананың, бейінді емхананың, лицей-интернаттың, салтанат сарайының, инновациялық шығармашылық орталығының, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мен кәсіпкерлік нысандарының құрылысы жоспарланған. Биыл жыл соңына дейін 22 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұдан кейін облыс әкімі ұзындығы 5,2 шақырым болатын Асқаров көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Жоба аясында жолдың жүру бөлігі 8 метрден 12 метрге дейін кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолдары мен арық жүйесі толық жаңартылуда.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Жайлау» шағынауданындағы №13 тұрғын үйдің жанындағы скверде бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын да көрді. Аумақ ретке келтіріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қала тазалығы мен қоғамдық кеңістіктердің күтімін тұрақты қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Сапар барысында Желтоқсан және Сүлейменов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жаңарту жұмыстары да қаралды. Облыс әкімі жөндеу кезінде тұрғындардың пікірлері ескеріліп, қауіпсіздік талаптары мен санитарлық тазалықтың қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.
Қазіргі уақытта Тараз қаласында тоғыз көпқабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.