Basty bet

Кәсіби және әуесқой жастардың арасындағы сайыс

Жақында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту, еңбек нарығында олардың бәсекелестігін арттыру, жастарға мамандық таңдауға ықпал ету мақсатында «Үздік дәнекерлеуші-2023», «Үздік кондитер-2023», «Үздік визажист-2023» және «Үздік barbershop-2023» сайыстары өткізілді.
Сайыс Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 16-35 жас аралығындағы арнайы кәсіптік білімі бар және әуесқой жастар қатысып, өз бақтарын сынады.
Б.Момышұлы ауылындағы «Хадиша» сұлулық салонында өткен «ҮЗДІК BARBERSHOP-2023» байқауының нәтижесінде І орын Б.Момышұлы ауылынан Шалхар Амангелдіге, ІІ орын Ақсай ауылдық округінен Ержігіт Тасқынбайға, ІІІ орын Шақпақ ауылдық округінен Еркебұлан Мадуанға және Ақсай ауылдық округінен Уәлихан Қалыбаевқа берілді.
«ҮЗДІК ВИЗАЖИСТ-2023» байқауының нәтижесінде І орын Б.Момышұлы ауылынан Аида Оралбаеваға, ІІ орын Қызыларық ауылдық округінен Маржан Сыдығалиға, ІІІ орын Көкбастау ауылдық округінен Жанерке Мұстафаға және Нұрлыкент ауылдық округінен Әселхан Орысбековаға берілді.
«ҮЗДІК КОНДИТЕР-2023» байқауының нәтижесінде І орын Күреңбел ауылдық округінен Айым Киікбайға, екінші және үшінші орындар Көкбастау ауылдық округінен Жанерке Мұстафаға, Қарасаздан Күләш Омарға және Билікөлден Роза Трибосыноваға берілді.
Ал «ҮЗДІК ДӘНЕКЕРЛЕУШІ-2023» байқауының қортындысында Бас жүлдені Қарасаз ауылдық округінен келген Кирил Мацейко иеленсе, І, ІІ, ІІІ орындарды Б.Момышұлы ауылынан Ерболат Сейдалы, Күреңбел ауылдық округінен Ниетқали Жақып және Шақпақтан Еркін Болат иеленді.
Жеңімпаздар алдағы уақытта «Профи-2023» облыстық байқауына ауданның атынан қатысатын болады. Айта кетейік, мамыр айында жастар арасында кәсіптік бағдарды дамыту мақсатында бірнеше сайыс өтеді. Яғни, «Үздік тігінші-2023», «Үздік мобилогроф-2023», «Үздік маникюр ісі-2023» байқауларының аясында шеберлер анықталмақ. Аталған сайыстарға 16-35 жас аралығындағы арнайы кәсіптік білімі бар немесе ауданның кез-келген әуесқой жастары қатыса алады.
Жадыра Ерғалиқызы,
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастарға кеңес беру бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close