Basty bet

Жігіттер өзара бақ сынасты

Қазақ халқы ежелден-ақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Талантты да талғамды, өнерді де өнегелі, саламатты да зерделі жастарына үлкен үмітпен келешегінің иесі деп құрметтеп қараған.

Осы ретте, Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын және «Әулиеата жастары» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Билікөл ауылдық округінің жастар ісі жөніңдегі инспекторының ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны-2022» атты байқау өтті.
Байқаудың мақсаты – өршіл, жігерлі, білімді, ата-баба дәстүрін қастерлейтін өскелең ұрпақ тәрбиелеу, жастарды ұлттық қазына, рухани байлық, салт-дәстүрді сақтауға шақыру, жастардың өнерін дәріптеу, олардың ұлттық намысын жігерлендіріп, жаңа биіктерге талпындыру, әдет-ғұрпын ұлттық ойындарын сүйетін, білім мен даналықты бойына жиған ұландарды көпшілікке таныту.
Байқауға бес жігіт қатысып, бақтарын сынады. Байқауды Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов ашып, жігіттерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Абсалямов, Қарабастау ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі С.Иманбаева, «Жастар ресурстық орталығының» округтегі жастар ісі жөніндегі инспекторы Н.Қазақбаев болды.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Жігіттер «Мен Алаштың ұлымын» деп аталатын байқаудың бірінші кезеңінде өздерін таныстырды. Ал, екінші кезең «Гір тасын көтеру» деп аталып, жігіттер білектің күшін сынады. Ал, үшінші кезеңде қатысушылар жамбы атудан сынға түсті. Олар бұл кезеңде нысананы көздеп, үш жебе атты. Әр жебеге бес ұпайдан берілді. Одан бөлек, төртінші кезең «Жігітке жеті өнерде аз» деп аталып, қатысушылар өз өнерлерін көпшілікке көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Тарысты әрі қызықты өткен байқаудың нәтижесінде №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің 11сынып оқушысы Дәурен Әуелбек бас жүлдені иеленіп, аудандық «Жігіт сұлтаны-2022» байқауына жолдама алды. Ал, байқауға белсенділік танытқан қатысушылар “Жастар ресурстық орталығының” арнайы дипломымен марапатталды.

Нұрсұлтан Қазақбаев,
Билікөл ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close