Basty bet
Өмірге деген құштарлығы ерекше
Адам баласы дүние есігін ашқасын, қоғамның толыққанды мүшесі болады. Он екі мүшесі сау адамзат, айнала ортаға пайдасын тигізіп, мемлекеттің өркендеуіне өз үлесін қосады. Ал, бүгінгі біз сөз еткелі отырған жандар ше? Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы рөлі қандай? Мүгедек адамды көрген кезде іштей жанашырлық танытып қана қоятынымыз бар. Олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде көптеген игілікті іс атқарып жатқанын біле бермейміз.
Бүгін біз Жуалы, Байзақ аудандарындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығының және Тараз қаласындағы «Шипагер Баян» шипажайының басшысы Дамира Жаңбырбаева туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Кейіпкеріміз минионгема ауруына шалдыққан екінші топ мүгедегі. Мүгедекпін деп бар тірлікті ысыра салып қол қусырып қарап отырған жоқ. Өмірге деген құштарлығы жоғары. Қоғамдық өмірге белсене араласады. Қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес.
Дамира Жаңбырбаева 1984 Жамбыл облысы Меркі ауданының Ақтоған ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектепті тамамдаған. Кейіннен Тараз қаласындағы Әулие-Ата университетінің педагогика және психология факультетінде оқып білім алады.
– 2019 жылы алғаш рет Жуалы ауданында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық өз жұмысын бастады. Бұл орталық 25 балаға арналған. Мұнда логопед, дефектолог, психолог, тәрбиеші, бала күтуші, массажист, ЛФК, мамандары сапалы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, дәл осындай орталық 30 балаға арналып Байзақ ауданында да ашылды.
Бұл емі үшін арнайы жолдамамен келеді. Біз жолдасым Айдос Қожабаев екеуміз бірлесіп жұмыс істейміз. Ал, Тараз қаласындағы «Шипагер Баян» шипажайында мүмкіндігі шектеулі балалар аналарымен келіп, 21 түрлі ем алады. Қол астымда 40 адам жұмыс істесе, оның бесеуі мүгедек жандар. Балалардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жан және олар кез келген нәрсеге жан жүрегімен қуанады. Өз жұмысымды сүйіп істеймін. Себебі, балалардың қуанғанына қарап, күліп ойнағанына қарап ләззат аламын, – дейді Дамира Жолшанқызы.
Бүгінде жолдасы Айдос Қожабаев екеуі екі қыз, төрт ұлды тәрбиелеп өсіріп отыр.
Қолы жұмыстан қалт еткенде үйде балаларына тәтті тағамдар пісіріп, қуантқанды, отбасымен бірге табиғат аясында демалғанды жаны сүйеді.
«Өзімді аямау, бастаған істі аяқтау, уақытпен санаспай жұмыс істеу – менің өмірлік ұстанымым дейді ол.
Жолдасым екеуміздің алға қойған үлкен мақсатымыздың бірі – аналарымызды Меккеге апару.
Елімізде мүгедек жандарға деген мемлекеттің қамқорлығы ерекше. «Кедергісіз келешекке» жасалған қадам деген осы. Бүгінгі кейіпкеріміз секілді жігері жасымаған қайсар жандардың алдағы уақытта да тамаша табыстарға жететініне біздің сеніміміз зор.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»