Basty bet
Кітапханашы – мәртебелі мамандық!
Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы. 24 қазан – Кітапханашылар күні мерекесіне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты мерекелік кездесу кеші ұйымдастырылды. Мерекелік кешке кітапханашылармен қатар, сала ардагерлері де құрметпен шақырылды.
Кітапханашыларды кәсіби мерекемен аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Әбішева құттықтап, бірқатар қызметкерге Алғысхат тапсырды. Одан кейін мереке иелерін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева, аталған бөлімге қарасты орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков құттықтап, кітапханашыларға ізгі тілектерін білдірумен қатар, салада жемісті жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерді Алғысхаттармен марапаттады.
Мерекелік кештің бір ерекшелігі, кәсіби мерекеге арналған жиынға кітапхана ісінде ұзақ жыл жемісті әрі үлгілі қызмет атқарған сала ардагерлері шақырылып, оларға арнайы сөз берумен қатар, сый-сияпат жасалды.
Атап айтқанда, олардың ішінде өмірінің көп бөлігін аудандағы кітапхана ісіне арнап, аудандық кітапханада 40 жылға жуық еңбек еткен, білікті маман – Бақыткүл Қанаева, Валентина Бондаренко, Лескүл Көшкінбаева, Күнімкүл Қошаева, Күлзахира Зайнулина, Мақажан Сейдалиев және Мұхтар Тұрғымбеков бар.
Мерекелік кештің барысында ардагерлер сөз сөйлеп, өздерінің жұмыс және өмір тәжірибелерімен бөлісіп, ендігі кезекте кітапханада қызмет атқарып келе жатқан жас мамандардың жұмысына табыс тілеп, мерекеге байланысты ізгі тілектерін де қоса жеткізді.
Айта кету керек, кітапханашылар күні мерекесінде өнерлі қызметкерлер ән шырқап, қара өлеңге де кезек беріп, кештің ажарын аша түсті.
«Жаңа өмір»-ақпарат