Basty bet

Қауіптің алдын алу – тек құтқару қызметінің емес ,бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі

Адам өмірінің қауіпсіздігі – қоғам дамуының ең басты тіректерінің бірі. Табиғаттың тосын мінезі мен техногендік сипаттағы қауіп-қатерлер кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Осындай сын сәттерде ел тыныштығын күзетіп, тұрғындардың амандығы үшін аянбай еңбек ететін сала – төтенше жағдайлар қызметі.
Жуалы ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп келеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу, оның салдарын азайту және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – сала мамандарының күнделікті негізгі міндеті. Осы маңызды міндетті аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Кеңесбек Абраимов жетекшілік ететін ұжым абыроймен атқарып келеді.
Бүгінде ауданда төтенше жағдайлар саласында жалпы 43 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде, Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылындағы өрт сөндіру бекетінде 11 маман қызмет атқарса, аудандық өрт сөндіру бөлімінде 27 қызметкер жұмыс істейді. Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бес маман тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Кез келген қауіп-қатерге дайын тұратын бұл ұжымның басты мақсаты – адам өмірін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі аудан аумағында азаматтардың өмірі мен денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мемлекеттік орган болып табылады. Бөлімнің негізгі қызметі төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын азайту және төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел әрекет етуді ұйымдастырудан тұрады. Сондықтан бұл қызмет тек апат кезінде ғана емес, оның алдын алу және дайындық жұмыстарымен де тығыз байланысты.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, жыл басынан бері аудан аумағында 10 өрт оқиғасы тіркеліпті. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда биыл өрт саны 30 пайызға өскен. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 550 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмендесе керек. Ең бастысы, өрт салдарынан адам шығыны мен жарақат алу деректері тіркелмеген. Сонымен қатар, биыл улы газбен уланудың бір фактісі орын алған.
Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмаған. Яғни, 2026 жылға арналған инженерлік жоспардың аясында белгіленген үш іс-шара толық көлемде орындалып, бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 887 мың теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, аудан аумағында су тасқыны қаупінің алдын алу бағытында маңызды жұмыстар жүзеге асырылыпты. Мәселен, жоспардан тыс Қырғызстан Республикасы аумағынан келетін беткейлік ағын сулардан Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылының Алатау көшесіндегі тұрғын үйлерді қорғау мақсатында «ЕХСІТІОН» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, ұзындығы үш шақырым, ені үш метр, тереңдігі 1,5 метр болатын қорғаныш канал қазылған. Жоба аясында бір су өткізу құрылғысы орнатылып, мал өткелі салынды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2026 жылға арналған жоспарына сәйкес Ақтөбе ауылында жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа қомақты қаржы қарастырылып, нысанға жөндеу жұмыстары жасалыпты. Бұдан бөлек, өрт сөндіру автокөлігі күрделі жөндеуден өткізіліп, автокөлік боксының ішкі және сыртқы келбеті жаңартылуы уақтылы көмекке жеткізуге септігін тигізетін болады. Өрт сөндіру пунктінің аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да атқарылған.
Жуалы ауданының географиялық ерекшелігі төтенше жағдайлардың бірнеше түрінің орын алу қаупін арттыратыны белгілі. Өңірде таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда көктемгі қардың еруі мен нөсер жауын-шашынның салдарынан су тасқыны мен су басу қаупі жоғары. Сондай-ақ, сел жүруі ықтимал аймақтардың қатарында болғандықтан, бұл мәселе үнемі бақылауда ұсталады. Қыс мезгілінде Алатау бөктерінде қар көшкіні қаупі сақталады. Бұған қоса қатты жел, боран және көктайғақ секілді табиғи құбылыстар жол қозғалысына және тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Мұндай уақыттарда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс сапында жүреді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың басым бөлігі тұрғындардың арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе, жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау мен улы газдан уланудың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта аудан әкімдігінің қолдауымен әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың тұрғын үйлеріне 228 дана улы газды анықтайтын құрылғы орнатылған. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен тағы 50 құрылғы сатып алынып, толықтай тұрғын үйлерге орналастырылды. Бұл жұмыстар көптеген отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Тұрғын үй секторларында, көпқабатты тұрғын үйлерде, су айдындарында және басқа да қауіп төнуі мүмкін орындарда қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, мамандар тұрғындардың арасында кең көлемді ақпараттық-насихат жұмыстарын ұйымдастыруда. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Бұл ретте бөлім мамандары мен өрт сөндіру қызметкерлері тұрғындардың арасында кең көлемде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Тұрғын үйлерде, әлеуметтік нысандарда және кәсіпкерлік объектілерінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда. Мамандар тұрғындармен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, өрттің алдын алу жөнінде кеңестер беруі қауіптің алдын алуға септігін тигізбек. Сонымен қатар, мектептерде, балабақшаларда және түрлі мекемелерде төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға арналған оқу-жаттығулар ұйымдастырылып келеді.
Жылыту маусымы кезеңінде пешпен жылытылатын тұрғын үйлерде арнайы профилактикалық рейдтер өткізіліп, пештердің, түтін мұржаларының және электр желілерінің техникалық жағдайына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, өрт гидранттарының, су көздерінің және өрт сөндіру техникасының дайындығы жүйелі түрде тексеріледі. Ал, өрт қаупі жоғары кезеңдерде орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға ескерту хабарламалары таратылады. Ал, төтенше жағдай орын алған жағдайда өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жедел әрекет етіп, адамдарды құтқару және өртті ауыздықтау жұмыстарын жүргізеді.
Жалпы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың негізгі мақсаты – өрттің алдын алу, адам өмірін сақтау және материалдық шығынды барынша азайту. Сондықтан профилактикалық шаралар, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғындарға су тасқыны мен селден сақтану, жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар, көктемгі балық аулау маусымындағы қауіпсіздік, сауда орындарындағы және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, дала алқаптары мен жем-шөп сақтау орындарындағы өрттің алдын алу шаралары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы өрт қауіпсіздігі, автокөліктердегі қауіпсіздік талаптары, балалардың терезеден құлауының және отпен абайсыз ойнауының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Мәселен, жыл басынан бері аудан бойынша 4350 тұрғын үй араланып, 14 790 тұрғынға қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Мұндай кездесулер тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға да үлкен ықпал етпек.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың, әсіресе су тасқыны мен дауылдардың алдын алу және олардың салдарын жою мақсатында ауданда қажетті күш-құралдар қоры дайындалған. Бүгінде Жуалы ауданының төтенше жағдайларға қарсы қызметтері қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімнің жауынгерлік жарағында екі дана «QGZ-100-80-22» және «20 WP» бензинді мотопомпа бар. Сонымен қатар, аудандық «Жуалы-су» мекемесінің қарамағында төрт дана «AQ50-G2», «GF80-SP-G1», «MP 3065 SF», «HUTER» бензинді момтопомпа дайын тұр. Ал, аудан әкімдігіне қарасты сәулет, құрылыс бөлімінде бір дана «MP 3065 SF» бензинді мотопомпа сақадай-сай дайын. Бұл техникалар су тасқыны қаупі туындаған жағдайда су сору, елді мекендерді қорғау және апат салдарын жою жұмыстарында кеңінен қолданылады. Жалпы, ауданның төтенше жағдайларға дайындығы тұрақты бақылауда ұсталып, қажетті техника мен құрал-жабдықтардың әзірлігі жүйелі түрде тексеріліп отырады. Мұның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи апаттардың зардабын барынша азайтуға бағытталған.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жедел жою мақсатында аудан әкімдігінің тарапынан қажетті материалдық-техникалық қор жасақталған. Атап айтқанда, 2026 жылға арналған дайындық шеңберінде электр генераторлары, су тартатын мотопомпалар, құтқару шеңберлері мен құтқару кеудешелері, өрт сөндіру құралдары, байланыс құрылғылары, медициналық қобдишалар, арнайы киімдер мен аяқ киімдер, сондай-ақ қажетті жанар-жағармай қоры дайындалды. Бұдан бөлек, күректер, шелектер, ломдар және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарына қажетті құралдар әзірленген.
Төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында 2025 жылға аудан әкімдігінің резерв қорында 10 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бұл қаражат табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда шұғыл шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауданда су тасқыны мен сел қаупінің алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілген бақылауға алынған. Барлық ауылдық округте көпірлерді, каналдар мен арықтарды тазалау жұмыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар, су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйіне аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан үздіксіз мониторинг жүргізілуде.
Су тасқыны мен селдің алдын алу жөніндегі аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық ауылдық округтер мен жауапты мекемелерге орындауға жолданған. Жоспарға сәйкес көпірлерді, каналдар мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, қауіпті учаскелер бақылауға алынған. Бұдан бөлек, барлық ауылдық округте және аудан әкімдігі аппаратында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесі қамтамасыз етілген.
Тұрғындардың арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – төтенше жағдайлардың алдын алудағы ең маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басқа да тиісті мекемелермен, атап айтқанда полиция бөлімі, электр жүйесі және газ шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп кең көлемді түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарды үйрету мақсатында білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылған. Аудан бойынша 17 білім беру мекемесінде 10 350-ден астам оқушыны қамтыған 45 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Бұл сабақтар жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосуда. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да кеңінен жүргізілуде.
Білім беру ұйымдары мен өзге де мекемелерде төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге арналған оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың негізгі мақсаты – адамдарды төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету, эвакуациялау тәртібін пысықтау және қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру. Өрт, жер сілкінісі, су тасқыны мен сел кезіндегі іс-қимылдарды қамтитын мұндай жаттығулар кешенді түрде ұйымдастырылады.
Оқу-жаттығулардың маңызы зор, яғни, олар қызметкерлер мен оқушылардың төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету қабілетін арттырып, эвакуация жолдарын меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дүрбелеңнің алдын алып, құтқару қызметтері мен мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді. Ең бастысы, мұндай шаралар адам шығыны мен материалдық залалды азайтуға ықпал етеді.
Бөлімнің материалдық-техникалық базасы қызметтік міндеттерді орындауға жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. Кадрлық әлеуеті тәжірибелі және білікті мамандардан құралған, олар қойылған міндеттерді де тиімді орындайды. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметі – адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған аса жауапты әрі қауіпті мамандықтардың бірі. Олардың басты ерекшелігі – тәулік бойы кез келген төтенше жағдайға дайын тұру және қысқа уақыт ішінде жедел шешім қабылдай білу. Өрт, су тасқыны, жарылыс қаупі немесе табиғи апаттар кезінде олар дереу әрекет етіп, ең алдымен адам өмірін құтқаруға басымдық береді.
Бұл мамандар арнайы кәсіби дайындықтан өтеді: өрт сөндіру, биіктікте жұмыс істеу, алғашқы медициналық көмек көрсету және құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар, оларда жоғары деңгейдегі физикалық және психологиялық төзімділік болуы қажет, себебі әрбір шақырту үлкен қауіп пен жауапкершілікпен байланысты. Құтқару жұмыстары көбіне командалық түрде жүзеге асады, сондықтан тәртіп пен өзара үйлесімді әрекет маңызды рөл атқарады.
Құтқарушы мен өрт сөндірушінің еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін баға жетпес қызмет. Олар күн-түн демей, табиғаттың тосын мінезі мен тілсіз жаумен күресіп, бір сәттік шешіммен адам өмірін сақтап қалатын батыл жандар. Осындай шапшаңдық, табандылық және жанқиярлық қасиеттер олардың кәсібінің басты сипаты болып табылады.
– Төтенше жағдайлардың алдын алуда тұрғындардың жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Себебі, өрт, тұрмыстық апаттар және басқа да төтенше оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындайды. Азаматтардың басты міндеті – өрт, электр және газ қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау, қауіпті жағдайларды дер кезінде байқап тиісті қызметтерге хабарлау. Сонымен қатар, әрбір тұрғын төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібін біліп, эвакуация жолдары мен алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі қажет. Балалар мен қарт адамдардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу, табиғат аясында өрт қауіпсіздігін сақтау және ресми ескертулер мен нұсқауларды дер кезінде орындау да маңызды талаптардың бірі болып саналады. Тұрғындардың сақтығы мен жауапкершілігі артқан сайын, адам шығыны мен материалдық залалдың алдын алу мүмкіндігі де жоғары болады.
Құрметті аудан тұрғындары, әрбір үйдің жылуы – ең алдымен қауіпсіздіктен басталады. Өрттің алдын алу – тек құтқарушылардың емес, әрқайсымыздың ортақ міндетіміз екенін ұмытпайық. Үйіңізде электр құрылғыларын дұрыс пайдаланып, газ жабдықтарын үнемі бақылауда ұстап, ашық отқа бей-жай қарамаңыздар. Балаларға қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйретіп, өздеріңіз де әрдайым қырағы болыңыздар. Бірсәттік немқұрайдылық үлкен қайғыға себеп болуы мүмкін. Ал, сақтық пен жауапкершілік – отбасыңыздың амандығы мен берекесінің кепілі. Жалпы, төтенше жағдайлардың алдын алу – тек құтқару қызметінің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сақтық пен тәртіп – адам өмірі мен қауіпсіздігінің басты кепілі,- дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраимов.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close