Basty bet

Құрылыс қарқын алса, қуаныш та жақындай түседі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков және Әбдәлі Нұралиев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар егістіктер мен кәсіпкерлік және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.

Сенат депутаттары алдымен Нұрлыкент ауылындағы «Бірлік» шаруа қожалығының бау-бақша алқабымен танысып, шаруа қожалық мүшелерінің сөзіне құлақ түрді.
Шаруа қожалық мүшесі Әлімхан Байғұтовтың сөзінше, шаруа қожалықтың иелігіндегі бес гектар жерге қырыққабат, үш гектарға сәбіз және үш гектар жерге картоп егілген екен. Айтса айтқандай-ақ, көкөніс егілген алқап көздің жауын аларлықтай жайқалып тұр. Шаруа қожалықта жергілікті жерден 10 жұмысшы маусымдық жұмысқа тартылған. Жыл сайынғы еккен егінінен айтарлықтай мол өнім алып, көл-көсір пайдаға кенеліп отырғанын айтады шаруашылық мүшесі. Одан бөлек, осында өндірілген экологиялық таза өнімдер Ресей Федерациясының аумағына және Тараз, Шымкент қалаларына сатылымға жібереді.
Сонымен қатар, Нұрлыкент ауылының тұрғыны, «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Есенгелді Сәдібеков шаруа қожалықтарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылып, қайтарымсыз грант қаржысы туралы мәселерді көтеріп, алдағы уақытта ауылдан бидай өңдейтін диірмен салынса деген тілегін жеткізді.
– Өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын. Бұл платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек. Субсидия мемлекет беретін міндетті төлем емес екенін әркім білуге тиіс. Бұл шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл» деп, Президент енді үкімет субсидия алған адамнан жұмыс тиімділігін арттыруды талап ететінін мәлімдеген болатын. Сондықтан сұрап отырған субсидия және қайтарымсыз қаржы мәселелеріңіз жақын арада өз шешімін табатын болады, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаттары.
Бұдан соң депутаттар «Гамбург» ЖШС-ның 1 200 басқа арналған сүт тауарлы ферма құрылысының жұмысын көріп, «Гамбург» ЖШС-ның директоры Егор Кохтың 1 200 басқа арналған сүт тауарлы ферма құрылысының жұмысын субсидиялау мәселесі бойынша көтерген мәселелерін тыңдап, нақты әрі тиянақты жауаптарын беріп отырды.
– Өзіңіз айтып отырғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялау жөнінде хат жолдаған болсаңыз, мұндай мәселелер жауапсыз қалмайды. Біз бұл мәселені толығымен қайта қарап шығатын боламыз. Қандай хат, қай күні жолдадыңыз, қандай жоба ұсындыңыз – барлығы да зерделенетін болады, – деді сенатор Бекболат Орынбеков.
Сенаторлар әрі қарай №30 Көктөбе орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көріп, онда мердігер мекеменің өкілдеріне бірқатар сын-ескертпелер айтты.
Бірінші кезекте, ауданымызға жұмыс сапарымен келген халық қалаулылары қай салада болсын, жұмыстың сапалы әрі тиянақты жүргізілуіне баса назар аударып, әсіресе құрылыс жұмысының техникалық төлқұжаты және жұмыс кестесі мектептің алдындағы көрнекті орында ілініп тұру керектігін жеткізді. Одан бөлек, күрделі жөндеу барысында мектептің ішіндегі жылыту жүйелерінің құбырларын ауыстыру қажеттігін тілге тиек етті.
-Жуалының қысы бәрімізге белгілі қатал болып келеді. Сондықтан құрылыс жұмыстары барысында жылыту жүйелерінің құбырларын ауыстыруды да ойлау қажет. Мектепті жөндеу жұмыстарына мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінген соң, тиісінше, жұмысты тиянақты әрі жүйелі жасау қажет, – деді Бекболат Орынбеков.
Көктөбе ауылындағы алдыңғы қатарлы агорқұрылымдардың бірі саналатын «Бахыт» шаруа қожалығының Чехия Республикасынан әкелген «МонБильярд» асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын күтіп-баптау жұмыстарымен танысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков және Әбдәлі Нұралиев шаруа қожалықтың жұмысына оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков түс ауа Диқан ауылының күнгей бетінен салынып жатқан 180 оқушыға арналған үш қабаттан тұратын №27 Диқан орта мектебінің құрылыс барысын өз көзімен көріп, жай-күйін бағамдап қайтты. Айта кету керек, бүгінде аталған мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған деуге болады. Қазіргі таңда білім ошағының ауласын және айналасын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары кестеге сай атқарылуда.
– Мектеп құрылысы барысында оқушыларға ыңғайсыздық тудырмауы үшін спорт залының бірінші қабатта болуына баса назар аударуымыз керек. Ал, асхана екінші қабатта орналасқаны дұрыс. Құрылысты жан-жақты қадағалап отыру керек, – деді Б.Орынбеков.
Әрі қарай Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйімен және ауылдық кітапхананың жұмыс барысымен танысты.
-Ауыл – Қазақ елінің жүрегі. Темірқазығы. Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Киелі қазақ даласы ғасырлар бойы халықтың өзегін талдырған жоқ. Өсіп-өнуіне мүмкіндік берді. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтты. Осы мақсатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы іске қосылған. Сондықтан да ауылды көркейтуге барлығымыз күш салуымыз қажет, – деп сөзін түйіндеді Бекболат Серікбекұлы.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close