Basty bet
Адамды дәрі-дәрмек емес – мейірім емдейді!
ауданда медицина қызметкерлері күні кәсіби мерекесі атап өтілді
Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесі ретінде атап өтілетіні белгілі. Осынау атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға сый-құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.
Медицинаның негізін қалаған, әлемге мәшһүр мұсылман ғұламасы ибн Синаның: «Ауруды емдеудегі дәрігердің үш құралы – жылы сөз, шөп және дәрігер қандауыры» деген сөзі бар. Ал Конфуций: «Адамның денсаулығы – оның көңіл-күйінде» дегенін де айта кеткен жөн.
Алладан кейін адамзаттың жанына араша түсіп, науқастың аурудан жазылуына бірден бір себепші болып келе жатқан ақ халатты абзал жандардың ел дамуындағы маңызды сала – денсаулық сақтау саласына қосып отырған сүбелі үлесін ерекше атап өткен артық болмас. Маусымның үшін жексенбісіне тұспа тұс келетін Медицина қызметкерлері күні кәсіби мерекесі ауданда да атап өтілді. Жиында сала үздіктері мен үлгілі қызметкерлер марапатталып, сала ардагерлеріне сый-құрмет көрсетілді.
Аудандық «Достық» мәдениет үйіндегі салтанатты жиынға аудандық орталық ауруханада және оған қарасты медициналық мекемелерде қызмет атқаратын мамандар мен сала ардагерлері шақырылды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті медицина қызметкерлері және сала ардагерлері!
Сіздерді Медицина қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мерекеге орай Ақордада өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей» деп ерекше атап өтіп, дәрігерлерді бейбіт күннің батырлары деп жоғары бағалады.
Ұлт денсаулығын нығайту – Тәуелсіз Қазақстанның басым саяси бағыттарының бірі. Елімізде, оның ішінде, аудан көлемінде медициналық нысандардың қатары көбейіп, материалдық-техникалық базасы да жыл санап нығайтылып жатыр. 2024 жылы ауданда барлығы 5 денсаулық сақтау нысаны салынып, тұрғындар игілгіне берілсе, сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың жылыту қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тозығы жеткен жылыту магистралі толығымен ауыстырылды.
Биыл аудандық орталық аурухананың зертхана ғимаратына, сондай-ақ, Қызыларық, Түктібай және Қоңыртөбе медициналық пункттарының шатыр жабындысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сәтін салса, 2026 жылы 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана және 100 төсек-орынға арналған аудандық орталық аурухана ғимаратының құрылысы жүргізілмек.
Бүгінде ауданда 1 емхана, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 34 медициналық пункт, 8 дәрігерлік амбулатория тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Өңірдің денсаулық сақтау саласында 697 адам жұмыс істесе, оның 71-і дәрігерлер.
Дәрігер – адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалушы мамандық иесі. Әрбір адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандар жауапты.
Қадірлі ақ халатты абзал жандар! Сіздердің қиын да қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз! Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйласын. Сіздерді төл мерекемен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, денге саулық, күш-жігер және жаңа табыстар тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде.
Аудан әкімі Ж.Мұртаза құттықтау сөзден кейін сала үздіктерінің бір тобына аудан әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғысхаттары табыстады.
Келесі кезекте медицина қызметкерлерін аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы М.Әсемов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы М.Нарымбеков, салалық кәсіподақ филиалының өкілі, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі С.Жұмашев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Үсенбаев құттықтап, денсаулық күзетіндегі үлгілі қызметкерлердің бір тобын Алғысхатпен марапаттады.
Айта кету керек, жиында сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»