Basty bet
Әжемнің ертегісі
Аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған “Аналар алқасы” қоғамдық құрылымының төрайымы Күлбақыт Айтқұлованың ұйымдастыруымен бір топ әжелер аудан орталығындағы №5 “Балдырған” балабақшасына барып, бүлдіршіндерге ертегі айтып беру шарасын өткізді. Аталған шара “Аналар алқасының” жоспарына Тараз қаласындағы “Анаға тағзым” орталығының тапсырмасы бойынша енгізілген болатын.
“Аққайың” ортаңғы топ пен “Болашақ” ересектер тобының бүлдіршіндеріне Күлбақыт Тұрымханқызы, қоғамдық құрылымның белді мүшелері Айгүл Омарова, Жаңаш Серғазина және Толқын, Әлия сынды әжелер қазақы ұлттық киім кимешектерін киіп, балаларға базарлықтары бауырсақ пен тәттілерін ала барды.
Әжелер “Жеті лақ”, “Гүл”, “Кірпі мен қасқыр”, “Құл мен Момын”, “Қарлығаш” ертегілерін айтып берді. Қазақ халқының ертегілерінің бала тәрбиесінде өзіндік орны бар. Әрбір ертегінің тәрбиелік мәні де зор. Ертегілер жас ұрпақты адалдыққа, шыншылдыққа, еңбекқорлыққа, жақсылық жасауға, тағы да басқа адами қасиеттерге баулиды.
Бүлдіршіндер әжелер айтқан ертегілердің ұнағанын жасырмады.
Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт – тәрбиешілер топтың бір бұрышына қазақы киіз үй макетін жасап, ішін ұлттық киіз үй жабдықтарымен безендіріп қойыпты. Ондағы мақсат – балаларға ұлттық жабдықтарымызды таныстыру, дәріптеу.
Іс-шара соңынан әжелер балаларға бауырсақтар мен тәттілерін таратты.
Қуанған балалар әжелеріне алғыстарын білдірді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»