Basty bet

Жас қалам

Үміт

Кенеттен кеп көңіліме қонса мұң,
Мен жанымның тыныштығын аңсадым.
Өткеніме өкінуден жалығып,
Болашақты уайымдаудан шаршадым.

Не керегін біле алмастан жаныма,
Терең мұңға батып кеттім тағы да.
Жыл құстары ұя салды оралып.
Жыр құстары қонбай кетті бағыма.

Өмір дейтін көк теңізден мұң сүзгіп,
Басыма кеп үйірілді нұрсыз бұлт.
Түн ұйқымды төрт бөледі бір уайым,
Тынышымды алып қойды үнсіздік.

Ар-ұятқа жазылған көп арыз бар,
Мейірімдінің ішінде де жауыз бар.
Басым жерге қарап тұрса салбырап,
Мойынымда арқалаған қарыз бар.

Сейілместен белгісіздік тұманы,
Төгілмеді жарық берер нұр әлі.
Көздерімнен күн көргенмен адамдар,
Жан дүниемде жаңбыр жауып тұрады.

Терезеге телміремін торығып,
Мұнар тартқан сағымдарға жолығып.
Жұбаныш боп, қуаныш боп лаулап тұр.
Өшпей тұрған, өшпей тұрған сол үміт…

Үмтіммен атырсам деп ұлы таң,
Кей кездері мен барлығын ұмытам.
Маздап тұрған үмітімнің шоғына,
Суып қалған жүрегімді жылытам!

Арман жайлы

«Мұғалима бізге арман жайлы шығарма жаздырды.
Арман дегеннің не екенін қайдан білейін».
Мұқағали Мақатаев.

Арман деген – бір әлем жарқын мерей,
Бағалай ма, арманды алтын демей?
Ақшасы жоқ адамдар кедей емес,
Арманы жоқ адамдар тақыр кедей.

Өз қалауын өзіне бағдар еткен,
Адамдар көп сан қилы жолдан өткен.
Маңдайынан тер тамып, белін жазбай,
Арманыма жетем деп, арман еткен.

Таусыла ма, пендеде шіркін арман,
Армандардан арманға ұмтыла алған.
Аңсары мен арманын жіпке тізіп,
Өмір дейтін дәптерге түртіп алған.

Жер жаһанға естіртіп жан дауысын,
Қанат берер адамға арманы шын.
Армандайды адамдар армандайды,
Өмір мәнін жоғалтып алмау үшін.

Тағдыр қилы, жол бөлек, таңдау бөлек,
Қиялдармен қия шыңға самғау керек.
Бұл жалғанда арманда қалмас үшін,
Арман керек жүрекке, арман керек!

Арманы жоқ жалғанда болмайды адам,
Армандардан тұрады таудай қоғам.
Орындалса арманың арман бар ма,
Арман арман боп қалса қандай жаман…

Күй

Түсініксіз күй кешемін неге мен,
Көрінемін жан секілді көреген.
Жазылмаған жарасы бар жанымның
Менің ауру жүрегіме керек ем.

Даусын естіп жан дүниелік айқайдың,
Өз өзімді жегідей жеп, жайпаймын.
Жақсы жандар жақсылығын көрсетсе,
Жаман адам екенімді байқаймын.

Өткізіп ем жоқты қуып күнімді әр,
Ішім толған сыр бермейтін сырым бар.
Көздерімнің жасырынған астында,
Тірі жанның көзі көрмес мұңым бар.

Құнын білмей қолымдағы асылдың,
Бетсіздердің қатарына қосылдым.
Адалдықтың заңын бұзған өрескел,
Қылмыскері секілдімін ғасырдың.

Танымастай өзгергенмін танысқа,
Шынайылық қасиетім алыста.
Қарс айырды көкірегімді кей сәтте,
Қарсы жүзе алмағаным ағысқа.

Ой жетпесе, бой жетер деп таластым,
Сөздің парқын ұқпас жерде жақ аштым.
Күдік пенен күмәндарға шырмалып,
Ойларымның арасында адастым.

Тарқайды екен кеудемдегі күй қашан,
Есер болам, есімді тез жимасам.
Қиын екен мына бір кең дүниеде,
Әуелден-ақ, өз ішіңе сыймасаң…

Санжар ДАЯРБЕК,
жас ақын.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
қазақ тілі әдебиет пәні мамандығының ІІ курс студенті.
Нұрлыкент ауылы

Таңдаулы материалдар

Close