Basty bet

«Таза Қазақстан» аясындағы эковолонтерлік

 

📌Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу орталығының отырысында волонтерлер қозғалысын қолдау мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы деп жарияланды.

Жаңа Конституцияда волонтерлер қозғалысын азаматтық қоғамның маңызды құрамдас бөлігі ретінде тани отырып, мемлекетке еріктілерді қолдау міндеті жүктелді.

Бүгінде волонтерлік қозғалыс экологиялық мәселелерді шешу мен табиғи байлықты сақтауда мыңдаған нағыз жанашыр азаматтарды біріктіре отырып, “Таза Қазақстан” бастамасының басты күшіне айналды.

Бұл жан-жақты мемлекеттік қолдауға мұқтаж волонтерлік қозғалыстың жоғары әлеуеті мен тиімділігін көрсетеді»,
— деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Бүгінде елімізде 810 ұйым мен 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді, белсенді еріктілер саны 300 мың адамға жетті.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әрбір үшінші қазақстандық осындай бастамаларға қатысатынын баяндады. Экологиялық волонтерлік «Таза Қазақстан» шеңберінде жыл сайын шамамен 800 мың волонтердің басын қосады. Қозғалысты одан әрі дамыту үшін 56 жоба мен 60 шағын грант жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Тиісті тұжырымдаманы қалыптастыру, волонтердің цифрлық паспортын енгізу, сондай-ақ волонтерлерді ынталандыру және әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын қоса алғанда, жаңа тәсілдер пысықталуда.

Тарихи-мәдени мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының бастамасы аясында екінші жыл қатарынан тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру бойынша «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы жүзеге асырылуда. Еліміздің барлық өңірлерінде әр аймақта 1 мыңнан астам адамның қатысуымен еріктілер клубтары құрылды. Еріктілер қоғамдық кеңістікті қалпына келтіруге қатысады, қоғамда қоршаған ортаға және қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесе отырып, еріктілер қозғалысын кешенді мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде заңнамалық деңгейде, қалыптастыру тапсырылды.

Таңдаулы материалдар

Close