Basty bet
Сексен мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтуға қауқарлы
Жуалы ауданындағы 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасы жеті жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп келеді. Стансаның алғашқы бөлігі 2015 жылы пайдалануға берілген. Ол жобаның жалпы құны 23,5 миллиард теңге. Стансаға қажетті құрал-жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер құрылыс алаңына Германиядан жеткізіліп орналастырылған еді. Жалпы алаңы 150 гектарды алып жатқан «Бурное солар-1» күн электр стансасының қуаттылығы 50 мегаватты құрайды.
Бұл стансаның тұсауы 2015 жылдың 2 шілдесінде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустрияландыру күні» ұлттық телекөпірі арқылы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында кесілген. Содан бері күн электр стансасының табысы жыл санап артуда.
Ал 2016 жылы «Бурное солар-2» күн электр стансасы құрылысының екінші кезеңі басталып, оған алғашқы стансаның жанынан (Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты жер телімінен) 151,8 гектар жер телімі бөлінді. Оған бөлінген қаражат 25 миллиард теңге. Аталған жобаның инвесторы «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» ЖШС, ал қаржыландыру көзі – Лондондағы «Европалық қайтажаңғырту және даму банкі». Бұл кешен аумағында «jinko Solar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеуде.
Стансаның екінші кезеңі де «Индустрияландыру күні» ұлттық телекөпірі арқылы ашылған болатын. Стансадағы электр энергиясының жылдық болжамы өндіріс сағатына 78,2 миллион киловатты құрайды. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған жоба да қазіргі уақытта толық қуаттылығында жұмыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруде.
Бүгінгі таңда 100 мегаватты құрайтын станса күніне 660-680 мың киловат шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Бұл қос күн электр стансасының жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады.
«Бурное солар – 1» және «Бурное солар – 2» ЖШС күн электр стансасының бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, күн электр стансасының электр өндіру қуаты жыл санап артуда. Серіктестік үш жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі EMEA Finance тарапынан «Бурное солар -2» жобасы бойынша «Күн энергиясы саласындағы үздік мәмле» номинациясы бойынша марапатқа ие болыпты.
Бұдан бөлек, ауданда су электр стансаларын салу қолға алынған. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның тіршілік көзі. Ақсай өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қосылатын өзен. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты. Сондай-ақ табиғаты таңғажайып, арынды өзеннің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – Көксай. Туристік орталыққа сұранып тұрған ол Жуалы ауданы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Онда болған адам шатқалдың қос беткейінде сыңсып өсіп тұрған арша мен шырша, бозарша және аққайыңдарын, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдер өсетін көкшалғынын ешуақытта ұмытпайды. Оған шекара бойында қалған табиғаттың тамаша туындысы Көксай каньонын қосыңыз.
Көксай өзенінің суын аудан диқандары ежелден егістігіне пайдаланып келеді. Бұрынғы одақ тарқаған тұста каналдың 12 километрі көрші Қырғыз елінің аумағында қалып қойып, диқандар судан айтарлықтай тапшылық көргені белгілі. 2015 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен каналдың жаңа арнасын салуға Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан болатын. Одан кейін күн тәртібіне арыны қатты өзеннің суынан электр энергиясын өндіру мәселесі қойылып, оның басына су электр стансасы салына бастаған. Сөйтіп Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды.
Стансаны салатын инвестор табылып, 2018 жылы бұл жоба қаржыландырылған болатын. Оның құрылыс жұмысын «Қазгидрооперэйтинг» ЖШС бастап та кетті. Жоба бойынша канал бойынан су электр стансасының 4 каскадын тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда бір электр стансасы тұрғызылған. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Австрия мемлекетінде жасалып, сол жақтан жеткізілген. Сондай-ақ «Жамбыл электр желілері» ЖШС тарапынан электр бағандары орнатылып, сымдар тартылған.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Боранбаевтың айтуынша, «Көксай» каналы бойынан қуаттылығы 18 мегават шағын су электр станцияларының құрылыс жұмысын жүргізуге ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға беріліпті. «Бүгінгі таңда «Қазгидрооперэйтинг» ЖШС зерделеу жұмыстарын аяқтап, жаңа электр стансасының каскаттарын тұрғызу жұмыстарын бастап, бір стансаны соғып бітірді. Оны сынақтан да өткізіп үлгерді. Оған қоса тағы да төрт стансаны салу жоспарларында бар. Ол үшін инвестор іздестірілуде. Жақында бір инвестор табылып, келіссөздер жүргізілуде. Алдағы жылы екінші стансаның құрылыс жұмыстарын бастау күтілуде, – деді ол.
Көксайда «Қазгидрооперейтинг» ЖШС-ның су электр стансасын салып жатқанына үш жылдан асты. Жалпы онда 2024 жылға дейін қуаттылығы тəулігіне 18 мегаватты құрайтын төрт электр станса салыну керек. Ол жобаның жалпы құны 13,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Стансаның техникалық өндіріс басшысы Айтқали Орынбасаровтың айтуынша, мұнда 5 электр стансасы салынбақ. Соның алғашқысын өткен жылы аяқтап, 2-ші гресін алдағы жылы іске қоспақ ниетте.
Сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы, аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәйкес су электр станцияларының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ доллары. Іске қосылу уақыты 2022 жылға белгіленген.
Бұл жобалар жүзеге асқан сәтте ауданның экономикасының дамуына, өркендеуі мен көркеюіне өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Бастысы қандай жоба, бағдарлама болмасын, барлығы да елдің игілігі үшін атқарылуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»