Basty bet

Атаның жолын лайықты жалғастырған

Ұстаздар династиясы – Базарбаевтар әулетінің өнегесі көпке үлгі

Ел ішінде «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, немере-шөбересін қызықтап, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың қатары аз емес. Өнегесі мол, өсіп-өніп, тамырын тереңнен тартқан әулеттерді көпке үлгі етудің, олардың отбасылық ұстанымын, ұлағатын, ұрпаққа сабақ болар өмір өрнегін паш етудің маңызы зор.
Осындай қазыналы, қабырғалы әулеттердің бірі Б.Момышұлы ауылындағы Базарбаевтар әулеті. Жуалы ауданында өркен жайған бұл әулет жергілікті халық арасында «Ұстаздар династиясы» атағына ие болған. Бұл атақтың да айтар сыры жетерлік. Біз әңгіме еткелі отырған отбасының отағасы Қасымбек Базарбайұлы майдангер ұстаз Базарбай мен Алшакүл Байтақовтардың тұла бойы тұңғышы. Әкесі 1944 жылдың қыркүйек айында майданда ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. Денсаулығына байланысты елге оралып, ұстаздық қызметін қайта жалғастырған. Жастайынан ұстаз болуды мақсат еткен көзі ашық азамат мектеп директорының орынбасары және мектеп директоры қызметін абыроймен атқара білді. Сол тұста партияның қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.
Әкесі Базарбай Байтақов жастайынан өнер-білімге, табиғатты қоршаған ортаны таза ұстауға, ұқыптылыққа, жинақылыққа, нағыз ерге тән бірсөзділікке тәрбиеленіп өседі. Осындай алып бәйтерек әкенің үлгі-өнеге толы өмір жолын үлкен ұлы Қасымбек лайықты жалғастырып, ол ауданның білім саласында 40 жылға жуық жемісті еңбек етті. Оның ішінде, 23 жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған ол өзінің ұрпақтарын да осы бағытқа жетелеп тәрбиелей білді.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, ауданға белгілі Байтақовтар әулетінің тұңғыш перзенті Қасымбек Базарбайұлы әке жолын қуып, ұстаздық жолын таңдады. Ол ұзақ жылдар Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы қазіргі №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Атаның салған соқпағын кейіннен немерелері, шөберелері де лайықты жалғастыра білгені көңілге медеу.
Айта кететін болсақ, ардагер ұстаздың үлкен қызы Гүлшат Базарбаева ата жолын қуып, ол аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған. Сонымен қатар, ардагер ұстаз Қасымбек қарияның үлкен ұлы Мәлік, ортаншы және кенже қыздары Гүлвира, Нұргүл және немере қызы Жансая мен кенже келіні Толқын ата жолын абыроймен жалғастырып келеді. Ал әулеттің ұлдары Мәжит пен Нұржігіт мемлекеттік қызметте, жеке шаруа қожалықтарында еңбек етіп келеді. Олар өз істеріне аса жауапкершілікпен, ізденімпаздықпен қарап, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген білікті мамандар қатарында. Ұстаздар әулетінің мүшелері ата жолын әрдайым мақтаныш етеді. Бүгінде ата жолын немерелері де жалғастырып отырғаны көңіл қуантады.
Еңсесін тіктеген отбасы үшін ең ауыр күн әкенің кенеттен дүниеден озуы еді. Құдай қосқан қосағы Қасымбек Базарбаев өмірден өткен соң әулеттің жауапкершілігі алтын құрсақты батыр ана Керімбала әжеге жүктеледі. Отанасы Керімбала Базарбаева тоғыз баланы дүниеге әкелген ардақты жан және «Алтын алқа» алқасының иегері. Ол қасиетті Қошқарата ауылында туып-өскен. Әжей бүгінде ұл-қыздарынан 19 немере сүйіп, шөберенің қолынан май жалаған ұлағатты жан. Ол да отағасымен қатар мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Несібесін адал еңбектен тапқан ананың еңбек жолына үңілсек, Көлтоған ауылындағы мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі, одан соң химия кабинетінде лаборант болып жұмысын жалғастырып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Ұстаздықпен қоса отбасындағы бала тәрбиесін қатар алып жүрген асыл ананың өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Тағдырдың тауқыметін бастан кешірген қайсар жан қиындыққа мойымастан отбасының бақ-берекесін, ризық-несібесін, амандық-саулығын Жаратқаннан тілеумен келеді. Ананың дұғасы қабыл болып, ұрпақтары өсіп-өркендеп келеді. Ұрпаққа сана себер сәуледей әрқайсысы өз жолын таңдап, бүгінде білікті маман ғана емес, олар адами тұрғыда кемелденген азаматтар.
– «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» дегендей, әке-шешеміз еркелігімізді, қателігімізді түсініп, кешіре біліп, ақыл-кеңесін аямайды. Жақсылыққа тәрбиелеуден еш жалыққан емес. Ең бастысы адал бол, шыншыл бол деп отырады. Біз әке-шешеміздің айтқанын екі етпей орындауға дайынбыз. Өмір бойы алдын кесіп көрген емеспіз, – дейді балалары.
– Саққұлақ бидің «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген аталы сөзі бар. Осы қасиеттерді бағалай білгендер ғана үлгілі отбасы бола алады. Талай жыл өтсе де, бір-біріне деген сыйластығы үзілмеген жандар бар. Қазір жас отбасылар кішкентай қиындық көрсе, оған шыдай алмай, ажырасып жатады. Менің айтарым, бәрі уақытша. Сондықтан сыйластық, түсіністік бар жерде отбасы мығым болады, – дейді әулеттің ұйытқысы болған Керімбала Базарбаева.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close