Basty bet
Қарапайым да мәртебелі мамандық иесі
Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамай, еңбек ететін адамның қызметі әрқашанда жоғары бағаланады.
Қарасаз ауылдық округі аудандағы іргелі елді мекен. Онда ғылымға, әдебиетке, өнерге, спорт cаласына үлес қосқан перзенттерімен қатар, туған жер топырағына маңдай тер еңбегі сіңген азаматтар қатары да аз емес. Таңмен таласа тұрып, ауыл тірлігіне араласатын еңбекқор ағайын күн райының ыстық-суығына да қарамайды. Жүрегі ел деп соққан ондай жандар кеше де болған, бүгін де бар арамызда.
Дәл осындай еңбегімен ортасына сыйлы болып жүрген қарасаздық механизатор Юрий Талыбов.
Юрий Садриддинович Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Шақпақбаба ауылында туған. Ол мектепте оқып жүріп-ақ темір тұлпар тізгіндеп, техниканың тілін ерте меңгеріп үлгереді.
Алғашқыда Шақпақбаба ауылындағы колхозда трактор айдаған. Юрийдің ағайын-туыстарының барлығы механизатор болған. Ал әкесі 40 жыл бензавоз көлігін айдаған. Кішкентай Юрийға сабақтан гөрі механизатор мамандығы жақын болады.
Ол 1999 жылы Қарасаз ауылының Татьяна есімді қызына үйленіп, осында бір жола қоныс аударады. Қазіргі таңда екеуі үш ұл тәрбиелеуде.
– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен көлікке жақын өскендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Міне, талай жыл бойы механизатор болып жұмыс істеймін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім. Ерте көктем басталғаннан жер жыртып, егін егемін. Жаз мезгілінде піскен алқаптардағы егінді орамын. Істеген жұмысыңды бағалап жатса, шаршағаның, көрген қиындықтардың барлығын ұмытып, марқайып қаласың. Ұзақ жылдан бері бір жерде жұмыс істеп келемін. Өз мамандығым өзіме қатты ұнайды. Өз жұмысыммен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Жұмыстың оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам табанды болуы керек. Жұмысым өзіме ыңғайлы, жалақым да көңілге қонымды. Басшылық тарапынан еңбегім еленеді. Еңбек адамына бұдан артық не керек? – дейді механизатор Юрий.
Юрийдің Виталий мен Роман есімді ұлдары әке жолын қуып механизатор мамандығын игерген. Үлкен ұлы әкесінің көмекшісі. Әкесімен бірге таңның атысында кетеді, кеш батқанда бір-ақ оралады. Ал екінші ұлы қазіргі таңда Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде механизатор мамандығында білім алуда.
-Ұлдарым – менің мақтанышым. Олар кішкентайларынан менің қасымда жүретін. Мақтанғаным емес, олар қазір трактордың барлық түрін, тіпті К-700 пен комбайнды да тізгіндей береді. Бұзылып қалған жағдайда үшеуміз жөндей береміз. Бұл мамандықта жүргеніме 25 жылдай уақыт болыпты. Ауылдағы Жұмағұл Беркімбаевтың қолында жұмыс жасаймын. Айлығымды уақтылы алып отырамын. Қолымыз боста ақыға елдің тракторы мен комбайнын айдаймын. Ол да болса отбасымның несібесі. Осы күніме де шүкір деймін,-дейді Юрий Талыбов.
Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы биылғы халыққа жолдаған Жолдауында 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялады. Бұл өте орынды бастама. Бұдан шығатын қорытынды – елімізде еңбек адамына деген құрмет-қошеметтің арта түсетіні сөзсіз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»