Basty bet

Тұрғын үй тек кезектілік тәртібімен беріледі

Кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізді.
Аудан басшысының бұл жолғы қабылдауында болған тұрғындардың дені баспанаға мұқтаж жандар. Оның ішінде, тұрғын үйдің кезегінде тұрғандары да бар, үй кезегіне қойылмағандары да кездеседі.

Қабылдауға алғаш болып кіріп, өтінішін жеткізген Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті қарт Зәуре Үсіпова тұрғын үйге мұқтаж екенін жеткізді. Өзінің айтуынша, қазір пәтер жалдап тұрады екен.
Аудан басшысының жеке қабылдауында болған басқа да азаматшалардан – Ақсай ауылдық округі Диқан ауылының тұрғыны Нұрлыкүл Есімбекова, Б.Момышұлы ауылының тұрғындары Алтынай Құдайбергенова және Ақбөпе Мамырқұлова да баспанаға мұқтаж жандардың қатарында.
Қабылдауда болған тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың өтінішімен мұқият танысқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза тұрғын үй алудың белгіленген заңды тәртіптерін түсіндірді. Одан бөлек, тұрғын үйдің тек белгіленген кезектілікпен ғана берілетінін де ұғынықты тілмен жеткізді.
Жеке қабылдауда болған басқа да азаматтардың барлығына мәселелеріне байланысты аудан басшысы, аудандық әкімдіктің тисті бөлімінің басшылары және ауылдық округтің әкімдері тарапынан тыңғылықты жауап берілді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close