Basty bet
Татуласумен тоқтатылған істерді ұлғайтуға мүдделіміз!
Аудан тұрғындары дауларды сотқа жеткізбей татуласумен шешуге болатынын білу қажет. Өңірде билердің абыройы жоғарылауда. Тұрғындар тарапынан дауларды билердің көмегімен сотқа дейін жеткізбей тоқтату күннен күнге артып келеді. Даулардың ішінде, көбінесе жер дауы, қарызды өндіру, отбасы-тұрмыстық даулар, неке бұзу даулары және материалдық шығынды өндіру, т.б. тоқтатылып, қос тарап татуласу арқылы бір-біріне деген талаптарынан бас тартуда.
Мысалы, ағымдағы жылдың басынан аудандық сотта 29 әкімшілік іс, 17 азаматтық дау билердің көмегімен тоқтатылып, сотқа дейін билердің арқасында 1 қылмыстық құқықбұзушылық, 4 әкімшілік іс және 5 азаматтық дау татуласумен реттелді.
Ауданда бүгінгі таңда жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі татуластыру үрдістері билер кеңесінің мүшелері мен аудандық учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе жүргізілуде.
Мысалы, ҚР-ның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 73-бабына сай, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша ерлі-зайыптылар арасындағы отбасында болып жатқан кикілжіңдер мен ұрыс-керістер учаскелік полиция және билердің көмегімен реттеліп, екі жақ татуласып, әкімшілік істі сотқа дейін жеткізбеуге толық мүмкіншіліктері бар екенін еске саламыз.
Б.Момышұлы ауылы әкімшілігінің ғимаратында орналасқан «Отбасылық кеңес» кабинетінің мамандары отбасы даулары мен неке бұзуға бет бұрған ерлі-зайыптылармен құқықтық кеңес және психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізіп, учаскелік полиция және билердің қолдауымен екі жақты татуластыруда.
Азаматтық даулар бойынша статистикалық мәліметтерге сай, ауданда көбінесе жер даулары, қарыз даулары және неке бұзу даулары татуласумен шешілуде. Билердің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы аудан азаматтары тарапынан жағымды пікірлерін байқауға болады. Әсіресе, сотқа дейінгі қарызды өндіру даулары бойынша дүкен иелері өздерінің жылдап жиналған қарыздарын билердің көмегімен қайтарып жатыр, яғни дауды сотқа жеткізбей бітімгершілікпен шешіп, қарызын қайтарып алуда.
Дауды сотқа жеткізбей билердің көмегімен екі жақты келісімге келіп, жауапкер екі айдың ішінде қарызын бөліп қайтаруға келісіп, арызданушы да, жауапкер де дауды шешудің өздеріне ыңғайлы жолын тапты деп айтсақ болады. Бұл бір ғана мысал, айта берсек, мұндай даудың түрлері көп.
Дауласушы тараптардың ең бірінші мақсаты – дауды өздеріне тиімді түрде шешу, бітімгершілік пен татуласу келісімдері осының дәлелі. Ал билер болса, осы мәселеде қол ұшын беруге күнделікті дайындығын көрсетуде.
Араздасқан азаматтардың сотқа дейін бітімге келуге ниеттері бар, ал оған бірден бір жол ашатын билер. Мемлекеттің іргетасы – тұрақтылықтан басталады. Тұрақтылық ол – бейбітшілік. Атам заманнан билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын әрі әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптыӊ да көӊілінен шығатындай жүйелі билігімен ел құрметіне бөленгендігін айтуға тиіспіз.
Азаматтардың сотқа дейін бітімгершілікке келуіне аудандық сот, прокуратура және полиция бөлімі қолдау жасауға мүдделі.
Қазіргі таңда аудан бойынша билер кеңесінің 45 мүшесі бар. Әрбір ауылдық округте екі-үш биден тіркелген. Дауларды билер арқылы сотқа дейін шешіп, екі жақты бітімге келулеріне ыңғайлы болуы үшін ауылдық округ әкімдіктерінен билерге жұмыс жасайтын арнайы бөлмелер де қарастырылған.
Бақтияр МАМЫР,
Жуалы ауданы Сот әкімшісінің
бас маманы-сот отырысының хатшысы