Basty bet

Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Күні кеше аудандық «Достық» мәдениет үйінде мектепті үздік бітірген «Алтын белгі» төсбелгісінің иегелерін салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, 24 түлек армандаған «Алтын белгіні» кеудесіне тақты. Өңір басшысы үздіктерді ел алдында марапаттап, құрмет көрсетті. Салтанатты жиынға балаларының қуанышын бөлісуге түлектердің ата-аналары да қатысты.
Білім теңізінде үздік шығып, алған білімін дәлелдей білген «Алтын белгі» иегерлерінің жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, мереке лебі сезілгендей. Мемлекеттік Гимн шырқалып, мың бұралған бимен бастау алған салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті жас түлектер! Қадірлі ата-аналар!
Бүгін түлектер үшін ең маңызды әрі есте қалатын сәттердің бірі. Кеше ғана мектепті имене аттаған ұл-қыздарыңыз бүгінде ойы толысып, қолдарына аттестат алып, үлкен мақсаттарға қадам басқалы тұр.
Сендер білімнің баға жетпес үлкен рухани қару екендігін дәлелдеп, үздіктердің қатарынан көрінген ауданның мақтанышысыңдар. Биыл аудан бойынша 11 сыныпты аяқтаған 649 түлектің 24-і «Алтын белгі» төсбелгісін, 72-сі «Үздік аттестат» иеленуі қуантарлық жайт. Бұл – адал еңбек пен жауапкершіліктің жемісі.
Еліміздің болашағы жастардың «Адал азамат» болып қалыптасуына байланысты. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бұл егіз ұғымдар. Бұл ұғымдар адамның ішкі тазалығы мен еңбекке деген шынайы көзқарасын, табысқа адал жолмен жетуін білдіреді. Сендер мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап білім жолында еңбек етіп, ізденісте болдыңдар. Ал қазір тарыдай болған жас баладан, таудай талапкерге айналып отырсыңдар. Сендердің болашақта елімізге, оның ішінде ауданға адал қызмет етіп, биік белестерді бағындыратындарыңа сенгіміз келеді.
Өмір жолындағы сапарларыңа сәттілік тілеймін! Мамандық таңдауда дұрыс қадамдар жасап, білікті маман атануларыңа тілектеспін,- деген Жалғас Әлижанұлы Алтын белгі иегерлерін марапаттап, сый-құрметке бөледі.
Соңғы жылдары аудан көлемінде озат оқушылардың саны артуда. Бұл – білім сапасы артқанының көрсеткіші. Республикалық және Халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып, жүлде алған оқушылар да аз емес. Бұл ретте ұстаздардың да елеулі еңбегін айта кеткен жөн.
Рас, мектепті алтынмен бітіру – мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілікті де жүктейтіні анық. Барша түлектің атынан сөз алған Жанерке Молдахан, Бақберді Дастанұлы және Гүлім Аманқұл есімді жас түлектер мектеп ұжымымен қатар, ұлағатты ұстаздарына алғыс білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, орталықты салтанатқа бөлеген түлектер өздеріне көрсетілген ерекше құрметтің артында осындай салмақтың жатқанын сезінетіндерін айтты. Мерекелік шара әрмен қарай жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Аттестат тапсыру рәсімі – әрбір түлек үшін де, ата-ана, ұстаздар қауымы үшін де толқынысқа толы әсерлі сәт. Түлектер 11 жыл бойы тәрбие-білім алған алтын ұя мектебімен, аяулы ұстазымен, тай-құлындай тебісіп бірге өскен сыныптастарымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Алда оларды жауапты әрі маңызды сәттер күтуде. Сондықтан барша түлекке сәттілік тілей отыра, арман-мақсаттарына қол жеткізіп, өмірдің биік белесін бағындыруларына тілектестік білдіреміз!

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close