Basty bet

Тәттібай ауылында жаңа мешіт бой көтерді

Алла тағаланы танып, отанды сүйіп, ел-жұртқа адал қызмет етудің бастауы – имандылықта жатқаны анық. Сол себептен де қазіргі таңда Ұлы Жаратушыға құлшылық етіп, жан-жағына иман шуағын шашып, иман ілімін тарататын азаматтардың қатары артып келеді. Халықтың имандылыққа, жалпы қасиетті асыл дінімізге деген жоғары құрметіндей болып қазіргі таңда ел өңірлерінде мешіт-медреселер көптеп бой көтеруде.

Тәуелсіздік алғанымызға биыл 32 жыл болса, сонау 1990 жылдың басында ауданда бірде-бір мешіт болған жоқ. Көпшіліктің ұсыныс-тілегімен ел өміріндегі қиын кезеңдерде (1990 жылы) аудан орталығында «Жуалы» көпшілік мешітінің алғашқы қазығы қағылды. Бұл мешіттің құрылысы 1994 жылы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Міне, содан бері ширек ғасырдан сәл ғана астам уақытта қасиетті өңірге қарасты ауылдарда 30-ға жуық имандылық үйі ашылып, Аллаға құлшылық етуші жамағатқа есігін айқара ашуда.
Күні кеше ғана милиция генерал-майоры Тәттібай Дүйсебайұлының есімін иеленген ауылда жаңа мешіттің ашылу салтанаты болды. Жуалы ауданында 29-шы болып бой көтерген бұл мешіттің салынуына келсек, бұл ғибадат үйі көпшіліктің, оның ішінде, ауыл тұрғындарының және демеушілердің көмек-қолдауымен салынды. Мешіт құрылысының басы-қасында жүрген жанашыр азаматтардың айтуынша, құрылыстың 30 пайызы араб демеушілерінің күшімен атқарылса, қалған еңбек – жергілікті демеушілерге және ауыл тұрғындарына тиесілі.
Алланың қалауымен және имандылықты қолдаған көпшіліктің күшімен салынған Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдық мешітінің ашылуына алыс-жақыннан жамағат көп жиналды.
Мешіт ашылмас бұрын жиналған қауымға, оның ішінде, алыс-жақыннан келген ниеттес азаматтар мен қонақтарға арнап тамақ берілді. Құдайыға жайылған ақ дастарқанның басында қасиетті Құран сүрелері оқылып, әруақтарға бағышталды. Атап айтқанда, ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков Құран оқыса, ауыл қариялары бата берді.
Ал мешіттің ашылуында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев алғаш болып сөз сөйледі. Сейітхан Шерелханұлы жиналған қауымды Алла үйінің ашылуымен құттықтап, бұл қасиетті орын әсіресе жас буынның тәлім-тәрбие алып, имандылық шарттарын үйренетін дін мен білімнің қасиетті ордасына айналуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар мешіт құрылысын жүргізуге атсалысқан барша жанашыр азаматтарға да алғыс айтылды. Құттықтау сөз сөйлеу құрметі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаевқа да берілді.
Одан бөлек, ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев игі тілек білдірді.
-Құрметті жамағат, және ауыл тұрғындары. Ең біріншіден өздеріңізді ауылдағы қасиетті Алла үйінің ашылуымен құттықтаймын. Жалпы асыл дінімізде мешіт-медресе салу үлкен сауапты іс саналады. Алла тағала уәде еткендей, жер бетінде мешіт салған адамға жаннатта үлкен сарай тұрғызылады. Бұл – сауабы мол игілікті іс.
Мешіт – ғибадат орны. Мешіттің салынуы бір бөлек. Ал оның ішін тек Аллаға құлшылыққа және жамағатқа толтыруымыз қажет. Мешіт жамағатымен көрікті. Сол үшін сіздерді құлшылық етуге шақырамын. Осы қасиетті орыннан дін ғұламаларының шығатынына сенемін,- деді ауданның бас имамы.
Жиын барысында ауылдың қадірлі қарияларына да арнайы сөз беріліп, сөз алған қонақтардың барлығына шапан жабылып, сый-сияпат жасалды. Қариялардың атын атап өтетін болсақ, ардагер ұстаз, қадірлі қария – Лесбай ақсақал, Шақпақата ауылының имамы Пернебек Бердімбетов және Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сағындық Тоқбергенов және Каналбай, т.б. ақсақалдар сөйлеп, мешіттің ашылуына ізгі тілектерін білдірумен қатар, ақ баталарын жаудырды. «SAFAR LIKE» туристік компаниясының басшысы Қасымбек Алтеев ауыл мешітінің имамы Бауыржан Жалғасбаевқа Умра қажылығын өтеуге жолдаманы салтанатты жағдайда тапсырды.
Сонымен қатар, Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов ізгі тілегін білдірумен қатар, мешіттің құрылысына белсене атсалысқан бірқатар азаматты Алғысхатпен марапаттап, ауыл тұрғындарына алғыс білдірді.
Мешіт салтанатты түрде ашылғаннан кейін қалың жамағат қасиетті орында бесін намазын өтеді. Жалпы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында бой көтерген мешіттің ашылуы өте әсерлі ұйымдастырылған. Қонақтарға және ауыл тұрғындарына қасиетті Құран Кәрімнің қазақша аудармасы және намаз оқу тәртібі, т.б. кітаптар сыйлық ретінде үлестірілді.
Құрылыстың басы-қасында жүрген азамат, аталған ауылдың түлегі Жанәділ Райымбековтың айтуынша, мешіт 150 адамға арнап салынған. Еденіне жылу жүргізілген. Ал мешіт жанынан бой көтерген жалпы ауданы 35 (ұзындығы) және ені жеті метрді құрайтын медресе және асхана орналасқан ғимаратқа да толықтай жағдай жасалған. Суық сумен қатар, ыстық суы да бар. Бұл дәрет алуға және басқа да шаруашылық жұмыстарын атқаруға өте ыңғайлы. Жалпы мешіт орналасқан аумақ 25 соттықты құрайды. Жақында мешіттің сыртын қоршау жұмыстары атқарылыпты. Ішкі бөлігіне жеміс және сәндік ағаштары отырғызылған.
Халықтың имандылыққа бет бұруы үшін ауылға имандылық үйі керек-ақ. Тәттібай ауылындағы жаңа мешіттің ашылуы күні кеше болғанымен, оның ауылдағы жамағатқа қызмет көрсете бастағанына біраз уақыт болған екен. Қасиетті Рамазан айындағы ауызашар жиындары мешіттің асханасында ұйымдастырылған. Бұл да үлгі аларлық сауапты амалдардың бірі.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close