Денсаулық – зор байлық. Денсаулықты сақтау үшін әрбір адам оған терең мән беріп, күнделікті саламатты өмір салтын ұстанулары қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанатын әрбір азамат мұны жақсы білсе керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтінін айтқаны белгілі. Президент мұнда білім саласын дамытумен қатар, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына да баса көңіл бөлу қажет екенін ерекше атап өтті.
Ел тұрғындарының денсаулығын нығайтып, оларға тегін медициналық көмек пен пайдалы кеңестер беру ісінде өңірлерге (оның ішінде, орталықтан шалғайда жатқан алыс ауылдар мен стансаларға) тұрақты сапарлайтын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмысының тиімділігін ерекше атап өткен жөн. Аталған денсаулық пойызы жергілікті жердегі денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысын жеңілдетумен қатар, науқастарға диагноз қою мен емдеу ісінде елеулі көмек көрсетіп келеді. Бұған тұрғындар да дән риза.
Тұрғындарға тегін медициналық және құқықтық көмек көрсететін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өткен аптаның жексенбі күні таңертең Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Боранды» теміржол стансасында өз жұмысын бастап, өңір тұрғындарын қабылдау шаралары 16-17 қараша аралығында жүргізілді. Аталған пойыз дәрігерлеріне қаралған науқастарға терапия, хирургия, педиатрия, кардиология және басқа да салалар бойынша көмек көрсетіліп, түрлі кеңестер берілді. Сонымен қатар, мұнда келген науқас жандар УДЗ, ЭКГ, флюорография, қан талдауы сияқты диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік алды.
– «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жапон және неміс өндірісінің жабдықтарымен қамтылған. Пойыз кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың ультрадыбыстық зерттеулер (УДЗ-зерттеулерін), электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пойыздағы стоматологиялық құрылғылар да жаңартылған,- дейді аталған пойыздың аға дәрігері Елнұр Амантайұлы.
Пойыздағы медициналық бригада өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер құрамы әртүрлі бейіндегі білікті мамандардан, атап айтқанда, терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігерінен тұрады. Дәрігерлердің қызметі халыққа тегін ұсынылады.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызындағы бригада басшысы, аға дәрігер Елнұр Амантайұлы, 16-17 қараша күндері «Боранды» стансасы аумағында жалпы – 1 185 науқасты қабылдағанын айтады. Оның ішінде, ересектер – 598, ерлер – 573, әйелдер – 612 және балалар – 587 адамды құрайды.
– Барлық медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) шеңберінде жүргізілетінін еске саламыз. Пойыз заманауи диагностикалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл түрлі тексерулер мен ем-шараларды орындауға мүмкіндік береді.
Қабылдау жүргізетін мамандар құрамына келсек, терапевт, хирург, травматолог (ересектер және балалар), педиатр, психолог, невропатолог (ересектер және балалар), УЗИ маманы, рентгенолог, кардиолог, стоматолог (ересектер және балалар), офтальмолог (ересектер және балалар), оториноларинголог (ересектер және балалар), гинеколог, Диагностикалық қызметтерден: электрокардиография (ЭКГ), рентген, маммография, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), зертханалық талдаулар (жалпы қан, зәр анализы, қанның биохимиялық талдауы) бар.
Қажет болған жағдайда науқастарға шағын хирургиялық операциялар жасалып, жоспарлы емдеуге жолдамалар беріледі. Үйден шыға алмайтын тұрғындарға арналған мобильді бригада жұмыс істейді. Дәрігерлердің қабылдауына келіп, тексеруден өтіп, өз денсаулығыңызға өзіңіз қамқор болғанға не жетсін,- дейді аға дәрігер Елнұр Амантайұлы.
Пойыздың жолға шығудағы мақсаты – аурулардың алдын алу және профилактикалық шараларды жүзеге асыру. Мұны арнайы жасақталған медициналық құрам жүзеге асырады.
«Саламатты Қазақстан» денсаулық пойызы диагностикалық, емдік құралдармен және түрлі саладағы дәрігерлердің тобынан жасақталған. Пойыздың жұмыс режимі дәрігерлердің тұрғындарды күнұзақ қабылдауына орайластырылған. Диагностика және емдеу шаралары тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі, оның негізгі қызметі туралы да жан-жақты ақпараттар берілгенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның атынан келген заңгер және медиаторлар өңір тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бірлескен ортақ жобасы.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»