Basty bet

Отаны бірдің – тілегі бір!

Шуақты наурыз айымен ілесіп келген ізгіліктің мерекесі – Алғыс айту күні. Біз үшін бұл мерекенің мағынасы терең, мәні бөлек. Қазақстандағы ұлттар достастығы әр алуан. Себебі, елімізде 100-ден астам этно өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Елімізде әр ұлттың ұлттық мерекелерін атап өтуде айрықша орын алады. Елімізде ұлттардың құқықтары заңмен қорғалған.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан қазақ жерінде туып-өстім. Осында білім алып, бүгінде мұғалім мамандығының иесі атандым. Қазіргі таңда №1 мектеп-гимназияда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Бірнеше тілді меңгергенмін. Балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың өзге тілді білуінде өз үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын.
Сонау солақай саясаттың салдарынан біздің ата-бабаларымыз Иран жерінен Қазақстанға жер аударылған екен. Туған жерлерін бір сәтте тастап, жат елдің жеріне тап болғанда қазақ халқы қонақжайлылық танытып, бауырмалдығын көрсеткен. Міне, содан бері қазақ елінде біз тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Сол бір қиын кездерді үлкендердің айтып отыратыны есімде еміс-еміс қалыпты. Дегенмен, біз ата-бабамыз қандай қиын күндерді бастан өткізгенін білуіміз керек. Ұлттар арасындағы достықты жоғары бағалағанымыз жөн.
Бүгінде біз Көлбастау ауылында тұрамыз. Бала кезімізден көрші-қолаңның балаларымен бірге ойнап, бір көшеде өстік. Ата-аналарымыз да бір-бірінің үйіне қонаққа барып, мерекелерді бірге атап өтетін. Әзірбайжан ұлтымен қазақ халқының ұлттық мерекелері ортақ. Сондай мерейлі күндері бір-бірін құттықтап, тәтті-дәмдіден ауыз тиеді. Осындай татулықты, бір-біріне деген сыйластықты көріп, біз де қалыптастық. Әлі күнге дейін бір-бірімізден көмегімізді аямай, бір тудың, бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз.
Қиын-қыстау кездерде бір-біріне қол ұшын беру, қиналғанға көмектесуді қазақ халқының ерекше бір қасиеті деп білеміз. Мұны елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері жақсы біледі. Түріміз басқа болғанымен тілегіміз, жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір. Ортақ татулығымыз бен ынтымағымыз бар. Ендеше, барша қазақстандықтарға ұлттар арасындағы берік достығы мен ынтымағымыз үшін алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Эмина Мамедова,
№1 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close