Basty bet

Жаңа Қазақстанды құру әр отбасынан бастау алады

Кеше елімізде өзіндік орны бар, тарихы бар басылымның бірі «Қазақстан дәуірі» халықаралық, қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы ауданға арнайы іссапармен келді. Ел анасы, ұлт руханиятының жанашыры Сәуле Мешітбайқызын аудан әкімінің орынбасарлары мен бірқатар бөлім басшылары қарсы алды.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, 5 маусым күні өтетін республикалық референдумды қолдау жөніндегі аудандық штабтың жұмысы туралы қысқаша баяндады.
Сәуле Мешітбайқызы алдағы референдумның маңыздылығы жайлы айта келіп, бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелерге тоқталды.
-Мемлекет басшысы айтқан Жаңа Қазақстанды құру – сіздер бен біздерге байланысты. Біздің қолымызда Жаңа Қазақстанды бірден құрып жіберетін сиқырлы таяқша жоқ. Жаңа Қазақстанды құру әр отбасынан, әрбір ұжымнан, әрбір ауылдан басталады.
Қазір өз отбасын басқара алмай отырған кей адамдар әлеуметтік желіде ақыл айтқыш болып алды.
Жасыратыны жоқ, бүгінде ұрпағымызды әлеуметтік желі тәрбиелеп отыр. Ал, әлеуметтік желіде кімдер отыр, олардың мақсаты не, олар не айтып жатыр?..
Өкінішке қарай, естіп, көріп жатқан небір жаға ұстатар жағдайлар көп ұзамай өз облысымызда, айналамызда болып жатады. Мұның барлығы елімізде идеологияның ақсап тұрғанының салдары.
Біз бала кезімізде кітап, газет-журнал оқып өстік. Біз ақын-жазушылармен кездесіп, оларға еліктеп, театрмен, кітаппен сусындап өстік. Ал, қазіргі жастар Абайдың кім екенін, Бауыржан Момышұлының кім екенін білмейді. Бұл масқара ғой. Мені осындай мәселелер толғандырады. Бізге ешкім ештеңе жасап бермейді. Біз өзіміз жасауымыз керек.
Мен орыстан емес, мәңгүрт қазақтан қорқамын. Кешегі әлеуметтік желідегі баласын орыс балабақшасына, мектепке беремін деп жүрген қазақ әйелдерінен қорқамын. Ана – бұлақ. Барлық тіршіліктің, тәрбиенің бастауы –ана. Ана тілінің құндылығы, дамуы да аналардан басталады. Сондықтан ұлт тәрбиешісі аналар біз бала тапқанымызды, еңбегімізді міндетсінуді қойып, міндетімізді орындайық.
Жақсыны көре білейік. Біз құрып бара жатырмыз деп айқайлағанша, іске көшейік. Мен сіздерге осы жүрегімнен шыққан сөздерімді жеткізуге келдім.
Алдағы референдумға халық болып қатысайық. Елдігімізді ойлайық. Ішкі, сыртқы жауымыздың елдігімізге нұқсан келтіруіне жол бермейік,- деді Сәуле Мешітбайқызы.
Қоғам қайраткері сонымен бірге қазақ баспасөзіне деген көзқарас түптеп келгенде қазақ руханиятына деген көзқарас екенін баса айтып, ел-жұртты баспасөзге жазылуға, оқуға шақырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close