Basty bet

«Қанағат» жәшігі мұқтаж жандарға едәуір көмек

Жұртшылықтың есінде болса, 2019 жылы бүкіл дүниежүзін пандемия жайлап, сол шақта бүкіл ел “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып” бір-біріне қол ұшын берді. Осындай қысыл-таяң шақта кәсіпкерлер қауымы да күш біріктіріп, індетпен күреске сүбелі үлестерін қосқан болатын. Бірі емдеу мекемелеріне қажетті құрылғылар мен қондырғылар алып берсе, енді бірі карантинде жатқан азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізумен айналысқандарды да білеміз. Аталған шараларды елімізде іскер әйелдер кеңесі, еріктілер, кәсіпкерлер және түрлі орталықтар бастаған еді. Кейбір кәсіпорындар бірігіп медициналық бетперде тігіп, тұрғындарға тегін таратқан болатын.
Осы мақсатта Тараз қаласындағы «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, өңірге белгілі психолог маман Фатима Әбдіқызы облыс аудандарындағы психологиялық орталықтарды біріктіру арқылы 2021 жылы әр ауданнан «Қанағат» жәшігін ашқан болатын. Біз ауданнан ашылған «Қанағат» жәшігі туралы аудандағы «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының жетекшілері Зейнеп Дәуренова мен Мира Аманжолқызынан сұрап, білдік.
– «Қанағат» жәшігін ашу облыстағы бүкіл психологтардың ортақ шешімі болды. Біз мұндай жәшіктерді ауданда орталық базар маңындағы «Батыр-ана» және «Сұлтан» дүкендеріне орналастырғанбыз. Қазіргі таңда «Сұлтан» дүкеніндегі «Қанағат» жәшігін «Айзере» дүкеніне ауыстырылды. Бұл істен аудандағы жеке кәсіпкерлер мен меценаттардың барлығы хабардар. Бұған әр адам өз қалауынша көмек бере алады. Сатушылардың айтуына қарағанда, аудандағы көптеген кәсіпкерлер өз қалталарынан «Қанағат» жәшігін азық-түлікпен толтырып кетіп отырады екен. Ауданымызда жомарт жүректі азаматтар көп. Біз екі жұмада бір мәрте облыстағы Фатима Бизақоваға есеп беріп отырамыз. Болашақта осы қайырымдылық жәшігін аудандағы үлкен супермаркеттерге де ашсақ деп отырмыз,- дейді «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының жетекшісі Зейнеп Әбдімәжитқызы.
«Қанағат» жәшіктерінің бірі Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Айзере» дүкенінде орналастырылған.
-Дүкендегі жәшікті аптасына бір рет №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның ұстаздары және өзіміздің тұрақты сатып алушыларымыз толтырып отырады. Толған жәшікті күнкөріс жағдайы төмен, жалғызбасты аналар және мүмкіндігі шектеулі жандарға таратып береміз. Қайырымдылық жасау жақсы іс. Өйткені осындай жандардың алғысын алып жүргеннің өзі қандай жақсы. Қайырымдылық жәшігіне дүкеніміздің атынан азық-түлік салып отырамын. Әр айдың жұмасы күні дүкенге келушілерімізге тегін нан таратамыз,-дейді дүкен иесі Марьям Нышанова.
«Қанағат» жәшігі басқа ауылдық округтердегі дүкендерден де ашылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілсе деген тілек бар. Өйткені әр ауылдық округтердегі дүкен иелері кімнің көмекке мұқтаж екенін жақсы біледі. Сондықтан қайырымды жандар азық-түлікті осындай жәшіктерге толтырып отырса, нұр-үстіне нұр болар еді. Басқа ауылдық округтегі мұқтаж жандар да осындай игі істің қайырын көрсе дейміз.
Негізінде, «Қанағат» жәшігі аудандағы мұқтаж жандарға ғана арналған. Өйткені әрбір мұқтаж жанды қуантқанның өзі бір бақыт. Жақсылық пен қайырымдылық – сауабы мол игі іс. Алла тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін!

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close