Сан ұлттың басын қосып, татулықтың бесігін тербеткен қасиетті қазақ жерінде ғұмыр кешіріп жатқан халықтардың арманы жоқ та шығар, сірә?! Бірлік бар жерде тірлік болатынын жақсы білетін халқымыз тыныштық пен бейбітшілікті өте жоғары бағалайды. Міне, ел экономикасының дамуы, әлеумет әлеуетінің көтерілуі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына қатысты мәселенің барлығы осыдан келіп шығады. Сондықтан тату елге тоқшылықтың нәсіп болатынын ұмытпағанымыз абзал.
Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қоңыртөбе ауылында орта есеппен алғанда, 150-ден аса түтін бар дейтін болсақ, оның ішінде, 10 шақтысы шешен ұлтының өкілдері болса, 10 шақтысы орыс отбасылар және бір өзбек отбасы бар. Әлбетте ауылдың ынтымағын сақтап, береке-бірлігін арттырып отырған да осынау іргесі берік, қаймағы бұзылмаған үлгілі отбасылар.
Қоңыртөбе ауылындағы аралас отбасының бірі – Тұрматовтар отбасы. Бүгінде 60 жастың асқарына шыққалы отырған отағасы Назымбек Тұрматовтың ата-бабалары негізінен осында туып-өскен. Отағасы бұрын колхозда біраз жыл еңбек етіп, ауылдың дамуына үлес қосқанын айтады. Қазіргі таңда ауыл мектебінің жылыту қазандығында оператор болып жұмыс істейді.
Назымбек ағамен әңгімелесу барысында орыс ұлтының өкілі Любовь Лодянаямен отандасқанына биыл тұп-тура 30 жыл толып отырғанынан хабардар болдық. Екеуі отбасында екі ұл және екі қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғыштары Азамат Астана қаласында кеден саласында жұмыс істесе, ал кенже ұл Арман құрылыс саласында тер төгуде. Үлкен қызы Анжела Көктас ауылының Максим есімді орыс азаматына тұрмысқа шығып, екеуі бір қыз тәрбиелеп отыр. Кенже қыз Зарина М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игеруде.
-Люба екеуміз бір ауылда туып-өскенбіз. Ата-аналарымыз да бір-бірімен араласып, сыйласқан кісілер болатын. Содан екеуміз көңіл жарастырып, 1993 жылы отбасын құруға шешім қабылдадық. Содан бері бірге өмір сүрудеміз. Отбасындағы ұл-қыздарды негізінен қазақы дәстүрмен тәрбиелеудеміз. Отбасында көбінесе сыйластықты, түсіністікті сақтаймыз. Соның арқасында отбасының іргесін де берік сақтап отырмыз,- дейді отағасы Назымбек аға.
Үйге келген қонақты қуыс үйден құр шығармайтын халықтың өкілі болғандықтан шығар, Назымбек аға мен Люба жеңгей бізді үйге кіргізіп, дастарқандағы дәмнен ауыз тиюге шақырды. Дастарқанда ас атасы нан, тағы басқа тағамдар қойылған. Отанасы негізінен қазақша тағамдарды жасағанды ұнататынын айтады. Ол орыс ұлтының өкілі болғанымен, қазақ салтының бірқатарын бойына сіңіре білген үлгілі келін.
***
Ауыл ақсақалы Тұрар Сейдахметұлымен әңгімелесу барысында байқағанымыз, Қоңыртөбе ауылында аралас отбасылардың біршама бар екенін анық аңғарғандаймыз. Қазақ қызының шешен ұлтының жігітімен отбасы құрғанын, одан бөлек, ауылда қазақ жігітінің орыс қызымен отау құрып, өсіп-өркендеп отырғанын да естіп, білдік. Бір сөзбен айтқанда, мұндай үрдістің ұлттар арасындағы ортақ келісімнің орнығуына, сыйластық салтының беріктігіне қосар үлесі де зор. Қалай десек те, баршаның баласын бауырына басқан қазақ халқының кеңпейілі мен қонақжайлығы, достық сертке беріктігі кім-кімге де жарқын үлгі болып қала бермек…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»