Basty bet

Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қызмет алу өте тиімді

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес, egov.kz электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету «электрондық үкіметтің» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы жүзеге асырылады.
Электронды үкімет – мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген, сондай-ақ, электрондық нысанда қызметтер көрсетуге арналған өздерінің арасындағы және жеке және заңды тұлғалармен ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесі. Яғни, мемлекеттік қызметтерді алуда барынша автоматтандырылып, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатында қызмет ететін электронды жүйе.
Электрондық үкіметтің веб-порталына тіркелу – электрондық үкіметтің веб-порталындағы «пайдаланушы кабинетін» ашу деген сөз.
«Пайдаланушы кабинеті» – электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, өтініштерді қарайтын субъектілерге жеке және заңды тұлғалардың өтініш жасау, сондай-ақ, дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша көрсетілген тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамдасы.
Бұл өз кезегінде, қазіргі заманғы технологияның қарыштап дамыған, жаппай цифрландыруға бет бұру тұсында әрбір азаматқа өзіне берілген мүмкіндіктер аясын кеңейтуіне жол ашады.
Өз кезегінде, «Электрондыүкімет» веб-порталына тіркеліп,электрондық қызметті алу үшін – әрбір азаматқа электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
«Электрондық цифрлық қолтаңба» (бұдан әрі – ЭЦҚ) дегеніміз – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы. Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда, біздің күнделікті қағаз құжатқа қойып жүрген қолтаңбамыздың электронды түрі. ЭЦҚ-ның қағаз түріндегідей заңды күші бар, яғни, қағазға қойылған қолтаңбаңыз бен электронды цифрлы қолтаңбаңыздың заңды күші бірдей деген сөз.
Халыққа қызмет көрсету орталығынан куәландырыла отырып, ЭЦҚ-ны файлдық тасымалдағышта алған жағдайда, дербес компьютерге сақтауға болады. Сол арқылы, «Электронды үкімет» веб порталына тіркеліп, жеке кабинетте мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануға болады. Сонымен қатар, ЭЦҚ-ны ұялы телефонда сақтай отырып, электронды үкіметтің мобильдік қосымшасы арқылы онлайн қызметтерді алуға болады. Егер де ХҚКО-на баруды қажетететін мемлекеттік қызметтерді алатын жағдайда, аталған мобильдік қосымша арқылы кезекке тұрып, кейін ХҚКО-на келіп, операторға кезек нөмірін көрсетуге болады. Бұл – кезек күтпей, уақыт үнемдеудің тиімді жолы.
Яғни, ЭЦҚ арқылы қызмет алу өте тиімді. Ол үшін ешқандай арнайы білім, дағдылар талап етілмейді, ЭЦҚ мүмкіндіктеріне сүйен отырып, жеке немесе заңды тұлғалар мемлекеттік мекемелерден тиісті анықтамаларды ала алады.
Мысалы, дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру, балаңызды балабақшаға кезекке тұрғызу, бала тууды тіркеу, тұрғын үй көмегін дайындау, жұмыссыз азаматтарға анықтама беру, ветеринариялық анықтамалар беру, жылжымайтын мүлкіңіздің бары немесе жоқтығы туралы, мекен-жай, салымшының зейнетақы аударымдары туралы, сотталған немесе сотталмаған туралы анықтамаларын, т.б қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдарға немесе ХҚКО-на барып кезекте тұрмай-ақ, әр-бір азамат өз үйінде отырып, интернет арқылы қызметтерді ала алады.

Мұрат Сапаев,
аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close