Basty bet

Дін және жастар

Қазіргі таңда жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттырудың маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.
Негізгі мақсатымыз – қазақ жастары ояу болса дейміз. Себебі, барлық аманат та, жүк те сол жастардың еншісінде тұр. Адамзаттың да, қоғамның да көктемі – жастық. Сондықтан жастарымыз ояу болса, қайдан жел, қайдан дауыл тұратынын білсе екен деп үміттенеміз. Негізі барлық уақытымыз да, саналы еңбегіміз де осы жастарға деп білеміз. Аштықта да, тоқтықта да өз елінің тарихы мен қадіріне жетсе, сүйсе дейміз. Дінін тек білім, ғылыммен ғана алса, егемендігіне тек намыс-жігерімен, еліне тек махаббатымен, бар үмітімен, болашағына сеніммен, ерлікпен қараса, бір-біріне дос, бауыр болса, тілі мен діліне құрметпен, үлкенге ізетпен, кішіге қамқор болса. Сондықтан жастарға артар жүк көп. Қыздарымыз да құндылық атаулыны сақтайтын да, құрметтейтін де, жалғастыратын да, алмастыратын да, ертеңгі ана, ұлттық тәрбие орталығы.
Айта кетерлік жайт, деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастарды, жалпы адамдарды қоғамға қайтару аса қиынға соғады. Себебі, олардың сана-сезімдерін уландырғаны соншама, олар кірген жат ағымның «көсемі» не айтса, соны екіетпей орындайтын жанды роботқа немесе сарбаздарға айналады.
Осындай қателіктерге жастарымызды ұрындыратын ең басты себебі – аражікті ажырата алмаудың салдарынан, ғаламтор кеңістігіндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіру, діни сауатсыздық, отбасындағы жанжалдар мен келіспеушіліктер және тәрбиенің жеткіліксіздігі.
Округімізде ақпараттық түсіндіру тобы ай сайын елдімекендерде, мекемелерде ауыл тұрғындарына оның ішінде, жастарға, еңбек ұжымдарына діни көзқарастарын, салт-дәстүрімізді,қайырымдылық істер жасауға жастарға кеңестерін айтады.
Қорыта келе, ата-аналардың өз балаларына түрлі теріс пиғылды сайттардың соншалықты зияндығын түсіндіріп, жастарымызды сақтандыру үшін барынша жұмылған жұдырықтай атсалысып тәрбие мәселесіне басты назар аударуымыз қажет. Өйткені, жас ұрпақты тәрбиелеу – әр ата-ананың борышы. Осы ретте, жастарға қоғамның да, қоршаған ортаның да ықпал ететінін ескеруіміз керек.
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған. Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Себебі, біздің халқымыздың басты мақсаты – ынтымағы мен бірлігін сақтап, бейбіт өмір сүру.

Жанар Нұрмұратқызы,
Қарасаз ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close