Basty bet

Сот хатшысы болу – маңызды міндет

Сот отырысының хаттамасын жүргізетін, қылмыстық іске мүдделі емес мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болып табылады.
Сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, өз жұмыстарын мойымастан атқарып келеді. Аудандық сотта 2011 жылдан бастап Жазира Оралова мемлекеттік қызметкер, сот отырысының хатшысы болып қызмет атқаруда. Ол өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарауымен, іскерлік қабілеттілігімен, тиянақтылығымен, жоғары моральдық қасиеттерімен ұжымда абыройлы әрі сыйлы қызметкер. Жұмыстағы еңбегі еленіп, Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл облыстық сотының төрағасының Алғысхатымен, әр жылдары ҚР Конституция күніне орай Жамбыл облыстық сотының Алғысхаттарымен, 2022 жылы ҚР Сот Әкімшісі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталған.
Жазира Қажденбекқызы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Осында М.Фрунзе атындағы орта мектепті бітіріп, Қырғыз Республикасының Заң университетінің құқықтану факультетін тамамдаған.
Жазира Оралованың аудандық соттағы негізгі міндеттеріне сот процестеріне қатысатын азаматтардың уақтылы келуін қамтамасыз ету, судьяның барлық тапсырмаларын орындау, сот талқылауында қаралатын істерді дайындау бойынша қажетті жұмысты атқару, яғни сұраныстар, хаттар әзірлеу, сотқа шақырту қағаздарын жазу секілді тағы басқалар жатады. Сондай-ақ, сот хатшысы сотқа қатысушылар мен куәларды сот мәжілісіне шақырады, істерді қараудың апта сайынғы кестесін дайындап, сот мәжілісіне шақырылған адамдардың келген-келмегенін тексереді. Олардың сотта болған уақытын шақыру қағаздарына белгілеп, сот мәжілісінің хаттамасын жүргізеді. Қылмыстық, азаматтық істер мен әкімшілік құқықбұзушылық істер қаралып біткен соң оны рәсімдеп, мұрағатқа өткізеді.
Оның өмірлік ұстанымы – қандай жағдай болса да адам болып қалу және адамгершіліктен аттамау.
-Адам өмірде мамандық таңдаудан қателеспеуі керек деп есептеймін, – деп бастады әңгімесін сот отырысының хатшысы Жазира Оралова. – Менің құқық, заң саласына келуім бала күнгі арманым еді. Қоғамда әділдік болса деп ойлайтынмын. Өзімді осы салада көргім келді. Сондықтан өз мамандығымды адаспай тауып, жүрек қалауымен атқаратын мамандық иесі атандым.
Қазіргі таңда адамдардың құқықтық сауаты жоғары болса екен деймін. Себебі, қоғамда адамдардың құқықтық сауаты орташа дейгейде. Көп адамдар өз құқықтарын дұрыс білмей жатады. Кейде заңды және өз құқықтарын дұрыс білмегендіктен құқықбұзушылыққа жол береді. Ал, құқықбұзушылық жасаса, оның жазасы заң аясында беріледі.
Құқықтық сауаттылық әрбір адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі, қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы.
Қазіргі таңда барлық адамдарда қалта телефоны бар. Барлығы интернетті қолданады. Интернетте «Әділет» бағдарламасында барлық заңдар мен кодекстер енгізілген, оған қоса бұл заңдар үнемі жаңартылып отырады. Міне, осындай пайдалы әрі құқықтық сауаттылықты артыратын дүниелерді оқып, көп ізденсе, қоғамда құқықбұзушылықтар мен заңбұзушылықтар азаяр еді.
Құқықтық сауаттылықты арттыруды мектеп қабырғасынан бастаған жөн деп санаймын. Өйткені, мектеп бітірген жас балалар өздерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты жаза бар екенін біле бермейді. Сол себепті мектепте жоғары сыныптарда әкімшілік, қылмыстық жазалардың қысқаша түсіндірмесін жүргізген артық болмайды. Бұл олардың келешекте өмір жолында қылмыс жасамауына ескерілген сабақ ретінде есінде қалар сөзсіз, – дейді сот отырысының хатшысы.
«Құдыққа құлан құласа құрбақа құлағында ойнайды» деген атадан қалған сөз бар. Адам қоғамда қаншалықты әлжуаз болса, соншалықты өзгелерден жапа шегеді. Өз құқығыңды білмесең, қолынан келгендер қонышынан басудан тайынбайды. Сол себепті де құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастаған жөн-ақ. Сонда бала күннен қоғамдағы өз құқығын біліп өскен ұрпақ ертеңгі күні заңбұзушылыққа жол бермейді. Міне, сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close