Basty bet

Елдік мүддеге қатысты мәселелер кеңінен қамтылған

Бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылып, биыл наурыз айында оның үшінші отырысы өткен болатын. Ұлттық құрылтайдың ең алғашқы жиыны ұлттың ұясы – Ұлытауда өткені баршаға белгілі. Онда көбіне ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекеттің болашақ дамуы туралы ұсыныстар айтылды. Келелі жиын өз жалғасын тауып, келесі отырыс киелі Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Онда да елдің дамуына қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Наурыз мерекесінің қарсаңында Атырау облысындағы Сарайшықта ұйымдастырылып, онда да елдік мүддеге қатысты бірқатар маңызды мәселелер кеңінен сөз болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып қайта құрылды. Бұл – қоғамдық ұйымдардың билік саласына белсенді араласуына кең қолдау көрсететін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі деп ойлаймын.
Бұл туралы Президент Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасты. Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс. Сіздер жұмыс барысында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн» деп атап өтті.
Уақыт өтіп, жылдар жылжыған сайын қолданыстағы құндылықтар да ескіріп, өмір сүрудің талабы, алға қойылатын міндеттердің де өзгеретіні белгілі. Сондықтан, алда тұрған міндеттерді нақтылап алу, мемлекеттің алдында тұрған ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды қайта қарау артық етпейді. Бұл үшін Ұлттық құрылтай отырысында сөз болған мәселелердің маңызы өте зор. Бір сөзбен айтқанда, Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлт пен мемлекет тағдырына қатысты келелі мәселелер көтерілді деп білеміз!

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы.
ҚР денсаулық сақтау жүйесінің үздігі

Таңдаулы материалдар

Close