Basty bet
Болашақ сайлаушылармен кездесті
1 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленуіне байланысты Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде болашақ сайлаушылармен пайдалы басқосу ұйымдастырылды.
Жиын жұмысына «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков пен аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов қатысты.
Шараны аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаева ашып, «Конституциялық таңдау және сайлану құқығы» тақырыбында баяндама жасады. Жас сайлаушыларға жалпы сайлаудың, оның ішінде Дүниежүзілік сайлау күнінің мән-маңызын айтты. Сондай-ақ, ауыл әкімі және 2023 жылы пилоттық режімде тұңғыш рет аудан әкімі сайлауының заң аясында әрі ұйымшылдықпен өткенін айтып өтті. Осыған сәйкес, ауданда өтетін сайлауларды өткізу барысындағы жұмыстардың бірқатарын атады. Нүрзия Бақторазқызы сонымен бірге, сайлау заңнамасына енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістер, азаматтардың құқықтары туралы әңгімелеп, сайлау жүйесін жаңа заманға сай жетілдіру, азаматтардың дауыс беріп, таңдау жасаудағы белсенділіктерін арттыру үшін мектеп қабырғасындағы оқушыларға сайлау туралы түсініктерді сіңірудің маңыздылығын сөз етті.
Баяндамадан соң кезек сұрақ-жауапқа берілді. Білімгерлер көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Мәселен, колледждің 2 курс білімгері Ұлжан Ахмет депутат Мұхамеджан Әсемовқа «сайлауда жеңіске жететініңізге сенімді болдыңыз ба?» деген сауалын қойды. Оның сұрағына депутат: «Депутаттыққа ел сенетін, ел сенімін ақтайтын азаматтар келуі керек. Біз ауыл үшін, ел үшін деп өскен халықтың баласы болуымыз қажет. Өзім 2011 жылдан бастап партияның мүшесімін. Депутаттыққа ауыл ақсақалдары ұсынған соң бас тарта алмадым. Сайлау кезінде барлық ауыл тұрғындары маған сенім артып, дауыс берді. Халық сенім артқан соң, сол сенімді ақтауым керек. Депутаттар халықтың үнін үкіметке жеткізушіміз. Барлық қолдан келген шаруаларға барымызды салып шешілуін қадағалайтын көпірміз.
Сендер әлі жассыңдар, қазірден бастап нағыз патриот болып өсулерің қажет. Немқұрайдылыққа жол бермей, барлық нәрсеге зер салып, атсалысу керек. Теңіз тамшыдан құралған. Сол теңізге біз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз» деп жауап берді.
Ары қарай колледждің мұғалімдері сөз алып, олар жастардың саяси сауатты болуы керектігін жеткізді. Сонымен қатар, жиын барысында әлемде, елде болып жатқан саяси оқиғалардан, саяси партиялардың және олардың жетекшілерінің іс-әрекеттерінен, көзқарастарынан хабардар болғандарын, білімгерлерге нағыз қажет басқосу болғанын айтып, алғыстарын білдірді.
Жиынды «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Аманғалиұлы жас сайлаушыларға жалпы сайлау ұғымы туралы түсінік беріп, жиынды қорытындылады.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»