Basty bet
“Аңсаған сәби” – бақыт бастауы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайды Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін айтты. Әрине, бұл көңіл қуантарлық жаңалық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал, елімізде ресми тіркелген бедеу жұптардың саны 15 мыңға жуықтайды. Олардың 10 мыңдайы экстракорпоральді ұрықтандыруға мұқтаж көрінеді. Бұл ресми дерек, бейресми дерек бұдан да көп болуы мүмкін.
Аудандық аурухана мен емхананың гинеколог дәрігерлері де бұл бағытта жұмыла жұмыс істеуде. Айтуға ғана оңай болғанымен, бұл өте күрделі мәселе. Бір перзентке зар болған, күте-күте төзімі таусылып, жүйкесі сыр берген жұбайларды алдымен психологиялық тұрғыда дайындау – өте ауыр жұмыс. Себебі, жұмыстың нәтижелі болуы бірінші адамның ішкі жандүниесінің дайын болуына тікелей байланысты.
Аудандық перзентхананың меңгерушісі Зәмира Ашилова ЭКО жасатуға ауданда бұрын жылына ақылы түрде үш әйелге ғана мүмкіндік берілетінін, кейінірек жылына бір ғана квота берілетінін айтады. Яғни, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Аңсаған сәби” бағдарламасы зарыға перзент күткен отбасылар үшін өте үлкен қуаныш болып отыр.
-“Аңсаған сәби” бағдарламасы – өте керемет бағдарлама. Себебі, бала сүю, ата-ана атану – үлкен бақыт. Бағдарлама аясында ауданда өте жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған акушер гинекологтар көп үлес қосуда.
ЭКО жасайтын орталықтар әр ауданнан бұрын жылына ақылы екі-үш қана әйелді қабылдайтын. Кейін жылына бір квота беретін болды. Оның өзі жартылай ақылы. Ол кезде біз бастапқы тексеруді ғана жасайтынбыз, қалған қажетті анализдердің барлығы облыста жасалатын. ЭКО жасатуға жасалған қадам, анализдердің нәтижесі барлығы сәтті бола бермейді. Кейде әйелдердің еңбегінің барлығы сәтсіз болып, кезекке қайта тұрып жатады.
ЭКО жасау біздің елде де қолға алынған алғашқы жылдары бала сүйе алмай жүрген әйелдерді ауруханаға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жасайтынбыз. Ол кезде қазіргідей емес, көп адам мұны түсінбейді. Сондықтан шақырсаң, келмейді. Көбінде әйел балалы болғысы келеді де, күйеуі, туыстары түсінбейді. Ондай жағдайда тіпті бас дәрігердің өзі олармен жеке-жеке әңгімелесетін. Соның өзінде үш-төрт жылда бір-ақ әйелде ЭКО сәтті жасалып, бала сүйетін.
Содан кейін аудандарға бес квотадан, кейін он квотадан беретін болды. Соңғы жылдары 30 квотаға дейін берді.
“Аңсаған сәби” бағдарламасы қолға алынғанда гинекологтар қатты қуанды. Әйелдерді іздеп, тауып, олармен сөйлесіп, дайындады. Бұл – өте ауыр психологиялық процесс. Бір отбасында әйелі, енді бірінде ері қаламай жатады.
ЭКО жасату бір жағы үлкен мүмкіндік болғанымен бір жағынан қорқынышы да басым. Себебі, табиғи жолмен жүкті болғанға қарағанда, ЭКО-мен жүкті болудың жауапкершілігі жоғары. Әйелдер қатты қорқады, көңілдері өте нәзік болады. Әрбір айтқан сөзіңе мән береді. Олармен өте мұқият жұмыс істеу керек. Біз барлығына табиғи жолмен жүкті болғандай қабылдаңдар деп саналарына құйып отырамыз. Қысқасы, әрбір әйелді дайындау үлкен еңбекті, үлкен мейірім мен махаббатты талап етеді.
Қазір бәрінің көзі ашық, жасалған ЭКО-ның көбі оң нәтиже беруде. Аңсап күткен сәбилері дүниеге келген аналардың қуаныштарында шек жоқ. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олардың қуанышын көріп, жүрегіміз елжіреп, толқып жатамыз. Бұл да дәрігер маманына берілген бақыт деп білемін. Аналар аңсаған сәбиін өмірге әкеліп, бақытта бөленгенде дәрігері де, ана да қуанышын жария ете алмай көз тимесін деп іштей қатты қуанып жатады.
ЭКО-мен дүниеге келген сәбилердің ішінде егіздері де бар,- дейді Зәмира Құдайбергенқызы.
Бағдарламаның жүзеге асу барысы туралы ауданның акушер-гинекологі Ғазиза Егізбаева мен аудан акушері Ардақ Тойбековамен сұхбаттасқан едік.
-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке тапсырма беріліп, нәтжесінде 2021 жылы “Аңсаған сәби” бағдарламасымен ауданымызға 30 квота бөлінді. 2022 жылы 26 квота берілді. 26 квота бойынша он әйел жүкті болды, біреуі әлі қарауда. Ал, биылғы жылға 13 квота беріліп отыр. Жыл басынан бері бір әйел ЭКО-ға жіберілді. Үш-төрт әйел осы аптада жіберіледі.
ЭКО-ға 15-49 жас аралығындағы аналық ұрығы бар кез келген әйел қатыса алады. Ол үшін әйелдің антимюллерандық гармонға, лютеиндеуші гармонға, фолликулды ынталандыратын гармонға анализдері, ерлерде спермаграмма анализі дұрыс болуы қажет.
ЭКО-ға дайындық барысында әйел жан-жақты толық тексеруден өтеді. Кейде әйелдер емделіп жүріп өзі табиғи жолмен бала көтеретін жағдайлар да болды. Мәселен, бір әйел қалқанша безін емдеп жүріп табиғи жолмен бала көтерді. Себебі, балалы болу үшін қалқанша бездің жұмысы да үлкен рөл атқарады.
Өткен жылы тұрмыс құрғанына жеті, тоғыз, он тоғыз жыл болған әйелдер жүкті болып, бала босанып, ана атанды. Биылғы жылы 20 жылдан кейін бірінші рет ана атануға үміттеніп отырған әйел бар. Жаңа айтқанымдай, өткен жылы да емделіп жүріп ЭКО-сыз-ақ табиғи жолмен бала көтерген әйел болды.
2021 жылы ЭКО-мен босанған әйелдердің арасында бір егіз, 2022 жылы босанғандардың ішінде бір егіз дүниеге келді.
Жалпы бедеулікке үйленгеніне бір жыл болып, бала көтермесе есепке алынады. Кейбір әйелде хломидиоз деген инфекция болады. Бұл инфекция ұрықты жеп қояды. Инфекцияның жұғу жолдары әртүрлі.
ЭКО-ға кезекте ауданда 68 әйел бар.
ЭКО-ға қалай қол жеткізуге болады деген сұраққа келсек, жоғарыда айтылған гармондар бойынша анализдері оң болса, әйел ЭКО орталыққа жіберіледі. ЭКО жасайтын орталықтар еліміздің көптеген қалаларында бар. Орталық әйелге біздің орталықта ЭКО жасатуға қарсы емеспіз деген хаттама береді. Хаттамамен біз кезекке қоямыз. Кезек тек әйел бас тартқанда ғана жылжиды. Таныс-тамыр арқылы кезек жылжытуға ешқандай жол жоқ. Себебі, барлық әйел кезегін асыға күтіп жүреді.
Орталыққа барған соң да бірден ЭКО жасалмайды. Анализдерін көріп емдейді. Айта кететін жайт – ЭКО-ға баратын әйел толық емделуі керек. Себебі, жүкті әйел жүктіліктің 12 аптасына дейін дәрі қабылдауына болмайды.
Сонымен бірге ЭКО-ға баратын әйелдің міндетті медициналық сақтандыруы болуы шарт.
Жалпы, бүгінде бедеулік деген әйелдер арасында да, ерлер арасында да белең алып келеді. Оның себебі, бірінші стресс алуына байланысты. Екіншіден, қазір жасанды ортада өмір сүрудеміз. Ішіп-жеп жүрген тағамдарымыздың 70-80 пайызы жасанды тағамдар. Газды сусындардың өзі ұрықтың сапасын төмендетеді.
Дені сау бала дені сау әйелден ғана туылады. Сондықтан денсаулыққа қатты мән берген дұрыс.
Жалпы бұл бағдарламаның шарапаты қаншама отбасына тиіп, бақытқа бөлеуде. Үміттері үзіліп, күйзеліске түсіп, ажырасудың алдында тұрған қаншама отбасының бақытына себеп болуда.
Қысқасы, адам өз денсаулығын күтіп, дер кезінде дәрігерге көрінуі керек,- дейді Ғазиза Серғазықызы мен Ардақ Есентайқызы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»