Basty bet
Тұрғындарды көше жолдарының мәселесі алаңдатады
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза таулы өңірдегі Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Өңір басшысының Боралдай ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуінде негізінен көше жолдарын жөндеуге байланысты мәселелер сөз болды. Атап айтқанда, биыл бұл округте барлығы төрт көшенің, дәлірек айтқанда, ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылында екі көше және Ертай ауылында екі көше орта жөндеуден өткізілген. Ендігі кезекте Көлтоған ауылында жекелеген көшелерге асфальт жабынын төсеу және Рысбек батыр ауылындағы ең ұзын көше – Р.Ауғанбаев көшесін орта жөндеуден өткізу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Кездесуде ауылдық округтің қадірлі азаматы, еңбек ардагері Ниязбек Сейділдаев Көлтоған ауылына заманауи үлгідегі спорт кешенін салу мәселесін қайта көтерді. Олай дейтініміз, бұл маңызды мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген.
-Боралдай ауылдық округінің көше жолдарын жөндеуге биыл аз қаражат бөлінген жоқ. Осының нәтижесінде, жолдарыңыз біршама жөнделіп, тұрғындарға ыңғайлы болды. Менің Сіздерге айтайын дегенім, 2024-2025 жылдары аралығында ауданға қарасты елдімекендердің көше жолдарына асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары толығымен аяқталуы қажет. Алдымызға осындай межелі жоспар қойып отырмыз. Келер жылдары қалған көше жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Көлтоған ауылына Спорт кешенін салу мәселесіне келер болсам, бұл жөнінде тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Ендігі кезекте құрылысты жүргізетін жеңімпазды анықтау жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтауымыз қажет. Сәтін салса, спорт кешенінің құрылысы келер жылы басталады. Тұрғындардың көкейінде жүрген басқа да маңызды мәселелер болса, біз оған назар аударуға тиіспіз,- деді аудан әкімі Жалғас Мұртаза.
***
Кездесу келесі кезекте Қошқарата ауылдық округінде өз жалғасын тауып, онда да тұрғындардың тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі Ж.Мұртаза ең алдымен мұның алдында тұрғындармен болған кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуына тоқталды.
Атап айтқанда, биыл жылдың І тоқсанында Қошқарата ауылындағы Е.Сауранбекұлы көшесіне қуаттылығы жоғары электр трансформатор орнату мәселесі айтылып, бұл мәселе өз шешімін тапқан. Одан кейін округке қарасты Қызтоған ауылында ауызсудың қорын реттеу жөнінде мәселе көтеріліп, аталған мәселе де өз шешімін тауып отыр. Одан бөлек,Қошқарата ауылдық округінің электр желілеріне жауапты маманның зейнетке шығуына байланысты оның орнына жас маман-электрик алу мәселесі де оң шешілген.
Айта кету керек, биыл хаттамалық тапсырма ретінде берілген Қошқарата ауылындағы су тоғанына жөндеу жүргізу және ауылға су келетін арық-атыздарды тазарту және ауылдағы ескі мектептің ғимаратын теңгерімге алу мәселелері белгісіз себептермен шешілмеген. Бірнеше жылдан бері күрмеуі жазылмай келе жатқан бұл мәселелер жөнінде ауылдың тұрғындары да өз наразылығын жеткізді.
Кездесуде Қошқарата ауылының тұрғыны Сандуғаш Мырзалиева табиғи газ қысымының нормадан төмен, тіпті кейбір күндері газдың жанбайтынын айтты. Одан бөлек, ол ауылға ағын су келсе, тұрғындар үй іргелік жерінде бау-бақша егіп, көкөністі сатып алмайтын еді деген тілегімен қоса, өзі тұратын Д.Қонаев көшесіне асфальт салу мәселесін және ауыл ішінде мал басын шамадан тыс көп ұстап отырған шаруа азаматтың ортақ тәртіпке бағынбай, адам жүретін жолдың үстін және айналаны ластап жатқан әрекетіне тосқауыл қою қажеттігін де аудан басшысының назарына салды.
Ауыл тұрғындарының тарапынан көтерілген мәселелердің барлығын аудан әкімі Жалғас Мұртаза назарға алғанын жеткізіп, тиісті бөлімдер арқылы жауабын беретінін айтты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»