Basty bet
Саламатты ауылдар – қоғамды ізгілікке бастап, адамдарды жақсылыққа үндейді
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, сатушы мен сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып келтірушіні және арақтан күн көрушіні лағынеттеді!» деп арақтың бүкіл жамандықтың көзі екенін айтып, оған тыйым салған болатын. Бұл не деген сөз? Арақты ішкен адам ғана емес, оны сатқан, тіпті, өзі ішпесе де, өзгеге құйып берген адам да Алланың қарғысына ұшырайды деген сөз. Саналы адамға мұнда үлкен сыр жатқаны ақиқат…
Аллаға шүкір! Бүгінде ел өңірлерінде алкогольдік өнімдер сатылмайтын, тұрғындары ішімдік атаулыны аузына мүлдем татып алмайтын саламатты ауылдардың саны артып келе жатқаны белгілі. Ондай үлгілі ауылдың дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды. Дастарқанға да арақ-шарап қойылмайды. Осылайша, бірлігі жарасып, сол арқылы бақ-берекесі артқан алақандай ғана ауылдар бүкіл елге осы жағынан үлгі-өнеге болып отыр. Олар қандай ауылдар? Ел-жұрт етене біліп жүрсін деп бірқатарына жеке-жеке тоқталдық.
Ресми мәліметтерді сөйлетсек, Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасында (аула саны) барлығы – 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік атаулыны іздесеңіз де таппайсыз. Себебі, бұл елдімекенде ауылдың ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. «Ішкіліктен не пайда? Еліміз ішімдік атаулыдан ада болса, таза болсақ, ұрлық, төбелес, ажырасу болмайды, көлік апаттары азаяры анық» дейді ауыл ақсақалы Елеусін Жастаев. Арақтан бас тартқанының арқасында бұл ауылдың берекесі артып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Аталған облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі де сатылмайды екен. Жусансай ауылында 1 100 тұрғыны бар 120 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда үш дүкеннің ешқайсысында да ішімдік сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары көрінеді. Ауыл жастары қариялардың сөзін екі етпейді. Айтпақшы, бұл ауылдың жастары темекі де тартпайды. Содан болар, бұл ауылда соңғы сегіз жылдан бері қылмыс, өрескел құқықбұзушылық түгілі, ешбір бұзақылық оқиғасы тіркелмеген. Бұл – өте көңіл сүйсінтерлік жағдай.
Иә, қоғамның игілігі – барлығымызға ортақ. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ізгілендіріп, халықты саламатты өміріді ұстануға шақырып, қылмыстың алдын алуға атсалысу – барлығымызға орта міндет. Осы ретте өткен жолы аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен құқықбұзушылық комиссияның кезекті отырысында да өңірдегі құқықбұзушылықтың алдын алу және оғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері қаралған болатын. Жиынның күн тәртібінде «Жамбыл облысында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейін арттыру жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының» орындалуы туралы, Жуалы ауданы бойынша 2026 жылға қоғамдық тәртіпті сақтау аясындағы нысаналы индикаторлары бойынша бағалау критерийін бекітілуін қамтамасыз ету және олардың орындалуын қадағалау туралы, сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аудан аумағындағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарының орындалуы туралы маңызды үш мәселе қаралды. Мұндағы негізгі басты мақсат – тәртіптік ахуалды жақсартып, қоғамды ізгілікке шақыру екенін де баса айта кеткен жөн.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, Жамбыл облысында құқықтық тәртіппен қауіпсіздік деңгейін арттыру жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді шаралар жоспарының 1.1 тармақшасына сай қоғамдық орында бейнебақылау камералары желісін кеңейту бойынша Жуалы аудандық полиция бөлімінде қоғамдық орындарда, адамдардың көп шоғырланатын орындарында барлығы – 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазіргі таңда бейнебақылау камераларымен күнделікті құқықбұзушылықтар анықталуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 72 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда.
Жоспардың 1.5 тармағымен қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыс жасаудың себептерін талдау, олардың алдын алу бойынша, сонымен қатар, қоғамдық орындарда орын алған қылмыстар саны – 2 (2025 жыл – 8 дерек) 75,0 пайызға төмендесе, көшелерде орын алған қылмыстар 2 (2025жыл – 8 дерек) 75,0 пайызға төмендеген.Қоғамдық орында және көшелерде орын алатын қылмыстардың алдын алу мақсатында күнделікті «нөлдік төзімділікпен» – 2 605 (2025 жыл – 2 207 дерек) құқықбұзушылық анықталып, осыған байланысты тиісті іс-шаралар қабылдануда. Одан бөлек, әр аптаның жұма, сенбі күндері локальдік іс-шаралар атқарылуда. Аудан орталығындағы кафе-бар, ресторандарға қосалқы нарядтар тұрақты қойылып жатқанын айтады полиция бөлімінің басшылығы.
Жоғарыда атап өтілген жоспардың 2.2 тармағы бойынша алкоголь өнімін дүкендердің заңсыз өткізуін бақылауды күшейту, сонымен бірге, мас күйінде жасалған қылмыстар – 1 (2025 жылы – 8 дерек) 87,5 пайызға төмендеген. Осы бағыттағы қылмыстардың алдын алуда ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабы, яғни, қоғамдық орында мас күйінде жүру немесе спирттік ішімдік ішкені үшін жыл басынан – 118 (2025 жыл – 94 дерек) құқықбұзушылық анықталса, ҚР ӘҚБтК-ның 200-бабымен спирттік өнімді белгіленген уақыттан тыс сату дерегімен 7 құқықбұзушылық анықталған. Тоқсан ішінде аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінің «Маскүнем» санаты бойынша – 13 азамат есепке алынып, олармен қайта құқықбұзушылыққа бармау туралы профилактикалық іс- шаралар атқарылып жатқанын атап өткен жөн.
Аудандық полиция бөлімінің дерегінше, жоспардың 2.3 тармағы бойынша «Арақсыз ауыл» жобасының аясында аудан аумағында – Жылыбұлақ, Ақбастау, Ынтымақ және Қайрат ауылдары алкогольді-спирттік өнімдерді сатудан бас тартқан. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынына сенім мол.
Саламаттылық – салтымыз. Имандылыққа шындап бет бұрып, дүкендерде арақ-шарап сатуды тыйып, өздері де спирттік ішімдіктен ішінара бас тартып жатқан ауылдардың қатарында ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылы да бар. Айта кетсек, ынтымағы жарасқан бұл ауылда бұдан біраз уақыт бұрын жергілікті тұрғындардың бастамасымен және жекелеген жанашыр, қалталы азаматтардың демеушілігімен зәулім мешіт бой көтеріп, жамағатқа пайдалануға берілгені белгілі. Қариялар мен жастардың Алланың ақ жолына түсіп, имандылыққа шындап бет бұруының нәтижесінде, қазір бұл ауылда ішімдік сататын дүкендердің саны едәуір азайған. Осыған байланысты мұнда қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейін төмен деп айтуға болады.
Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылы 2024 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында үздіктер қатарынан табылып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Оған берілген қомақты қаражат ауылды дамытуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға жұмсалуда. Ауылдық округке қарасты Диқан үлгілі ауылдардың алдыңғы қатарында. Айта кету керек, қазір Қайрат ауылында – 383 аулада екі мыңнан астам тұрғын тіркелген. Сонымен қатар, мұнда 13 көше бар.
Спирттік ішімдік пен арақ-шараптан бас тартқан өңірдегі ауылдың тағы бірі – Ақбастау ауылы. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойында орын тепкен бұл ауылда 2024 жылы Алланың үйі бой көтеріп, ауыл тұрғындары имандылық жолын тұрақты ұстанып келеді. Ауыл жастарының спорт пен саламатты өмір салтын ұстануға деген ынты-ықыласын байқаған жанашыр азаматтар бір жылдары осында шағын жаттығу залын салып бергенін де жақсы білеміз. Қарасаз ауылдық округіне қарайтын бұл ауылда «Асарлатып үй салу» жобасымен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға баспана беріліп, жоқ-жітіктерге ірі қара малдың еті таратылу үстінде. Мұның барлығы тұрғындардың бір-біріне деген жүрек жылуы мен өзара жанашырлығын білдірсе керек. Ауданға қарасты Билікөл ауылдық округінің Жылыбұлақ ауылы да былтыр «Ішімдіксіз ауыл» жобасына енді. Жобаға ұйытқы болып жүрген азаматтардың айтуынша, дүкендерде спирттік ішімдік саудаламауға ауыл қариялары мен тұрғындардың өзі бастамашы болған көрінеді. Есесіне, аталған ауылдарда соңғы бес жылдың көлемінде ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеген. Бұл – қуантарлық жағдай!
– Ішкі істер министрлігінің және жергілікті атқарушы орган және ауыл жанашырлары өзара бірлесіп қолға алған «Ішімдіксіз ауыл» жобасын ауданның байырғы тұрғыны және имам ретінде қуана қолдаймын. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолдаған және тұтастай қоғам тарапынан құптарлық іс.
Тау халқында: «Жақсы қариясы жоқ ауылда, жақсы жастар өніп-өспейді» деген нақыл сөз бар. Сол айтқандай, жастар тәрбиелі, иманды, жақсы азаматтар болуы үшін аға буын қариялар жиғанды болуы керек. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» дейді дана халқымыз. Алдыңғы толқын – ата-апалар той-жиынды ішімдіксіз өткізсе, оны көрген жастар да бұдан жақсы тәлім алатыны сөзсіз. Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әр нәрсенің анасы бар. Сол сияқты барлық күнәнің анасы – арақ» делінген. Сондықтан арақты тұтынуға болмайды. Арақ – қасірет. Қоғамда қаншама отбасы арақтың кесірінен қайғы-қасіретке душар болып жатыр. Оған өзіміз күнделікті өмірде куәміз. Дүкенінде арақ-шарап сатылмаған ауылдарда ғана береке-бірлік орнап, отбасында да ешқандай ұрыс-жанжал болмайды. «Бір күнгі ұрыс қырық күндік ырыс-берекені қайтарады» деген. Ішімдік ішкен адамдар мастықтың әсерімен түрлі қылмысқа барып, жол-көлік апаттары да осының кесірінен орын алуда. Оны да жақсы білсек керек…
Қасиетті Жуалы ауданындағы Ақбастау, Жылыбұлақ, Кәріқорған және Т.Дүйсебайұлы ауылдарының ішімдік атаулыдан бас тартып, оны дүкендерде саудаламау жөніндегі ізгі ниетіне қуанамыз әрине. Сүттей ұйып отырған әулетті, ауылды бүлдіретін нәрсе – ол арақ, басқа да түрлі уытты ішімдіктер. Сондықтан, ауылдық аймақтарда ішімдік атаулыны сатуға және оны тұтынуға саналы түрде қарсы тұрған дұрыс. Одан ешкім кем болмайды. Бұл – ең біріншіден қоғамды ізгілікке бастайтын амал. Ел-жұрт болып ұйымдасып, осынау ізгі істі мықтап қолға алайық. Сол арқылы біз үлгілі ауыл, үлгілі өңір атанып, былайғы жұртшылыққа үлгі-өнеге көрсете аламыз,- дейді Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, аудандық Билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы қажы Медетбеков.
Иә, аудандық полиция бөлімі мәлімдегендей, ҚР ІІМ-ның «Ішімдіксіз ауыл» жобасына енген ауылдарда соңғы бес жылдың көлемінде ешқандай құқықбұзушылық фактілері тіркелмеген.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»