Basty bet

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласы автоматтандырылуда

Облысымызда, соның ішінде ауданымызда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру аймақта бес бағытта жүргізілуде. Атап айтсақ, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру.
Қазіргі таңда өнеркәсіп саласын осы жүйеге енгізу бойынша жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Аудандағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сүт өнімдерін өңдеу саласындағы озық технологияларды цифрландыру кешенді жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ «СМТС», «Ақмол» ЖШС өз серіктестерімен бірлесіп сату процесін цифрландыру бойынша жұмыс істеуде. Мысалы, интернет-банкинг жүйесі арқылы электрондық төлемді енгізе бастады. Бұдан бөлек, өзге де кәсіпорындардың жұмыс жүйелері цифрландырылуда.
Цифрландыру өте қымбат процесс. Сарапшылардың пікірінше, технологиялық қайта жарақтандыруға байланысты ең төменгі шығын 5 миллион долларға бағаланады және оны Қазақстанның барлық кәсіпорындары көтере алмайды екен.
Дегенмен цифрлық экономиканы нығайту ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететінін ескерсек, Қазақстан мемлекеті, кәсіпорындары оны дамыту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды табуы қажет. Өйткені кез келген технологиялық серпіліс жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді.
Сондай-ақ электрондық сауданы дамыту аясында жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде жүздеген шағын және орта кәсіпкерлік нысан онлайн кассалық аппаратпен жабдықталған (WEB-касса аппарат). Өткен аймен салыстырғанда кассалық аппарат бірнеше пайызға өскен. Пандемиядан кейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қосымша өз қызметтерін онлайн түрде де көрсетуде.
Жалпы цифрландырудың дамуымен және карантиндік шараларға байланысты онлайн форматқа жаппай көшу – электрондық сауданың дамуына да жол ашты. Қолдағы смарт телефон арқылы-ақ қазір онлайн сауданы жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік мол.
Қазірдің өзінде бізде барлық нарықтық құрылымдар онлайн режимге көшкен. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де бірнеше есеге өскен. Мәселен, осы жылдың бір тоқсанында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2019 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 43 пайызға, ал 2018 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 28 есеге артқан. Интернет пен ұялы телефон арқылы жасалған онлайн төлемдер қолма-қол ақшасыз төлемдердің 84,2 пайызын құраған.
Nasdaq мәліметтері бойынша, 2040 жылға қарай барлық сатып алулардың 95 пайызы онлайн режимде жүзеге асырылады.
Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюымен қатар, электрондық коммерцияның көрсеткіштері де өсуде. Егер 2018-2019 жылдары электронды сауда үлесі тиісінше 2,9 және 3,8 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 есеге дейін өсіп, 9,7 пайызға жеткен. Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алған интернет пайдаланушылардың үлесі 2019 жылғы 15,6 пайыздан 2020 жылы 17,7 пайызға дейін артқан.
Бүгінде біз күнделікті тұтынуға арналған қарапайым тауарлардан бастап, сирек және эксклюзивті заттарға дейін, жалпы кез келген нәрсені үйде отырып-ақ, онлайн сатып ала аламыз. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, біздегі онлайн сатып алынатын тауарлардың ең көп тараған санаттарының қатарында киім, аяқ киім,спорт тауарлары, шаруашылыққа арналған тауарлар, дәрілер, байланыс қызметтері, азық-түлік екен. Тек бұлар ғана емес, онлайн сауда арқылы қазақстандықтар үлкен көлемдегі заттарды да сатып алуда.
Ауыл шаруашылығы саласы да цифрландырылуда. Қазіргі таңда бұл салада 24 қызмет түрі цифрландырылса, «Qoldau.kz» сервисінде 17 субсидиялау бағдарламасы автоматтандырылған. Оның ішінде егін шаруашылығы саласы бойынша – бес бағыты субсидияланса, мал шаруашылығында – екі бағыт, қалған бағыттар агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға бағытталған.
Биыл аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтің 94 пайыз электронды түрде көрсетілген. Бұдан бөлек, жайылым мен егістік алқаптар да электронды картаға енгізіліп отыр. Жалпы облыста алғаш рет ауыл шаруашылығы техникалары GPS бақылау технологиясы (жүргізушісі жоқ) жұмысқа қосылды. Сонымен қатар, алдағы жылы егін шаруашылығы саласында заманауй цифрлық бірнеше тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйесін енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ «Гамбург» ЖШС-і 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын жүргізуде, ферма толығымен автоматтандырылатын болады.
Ауданда сүт өнімдерін өңдейтін жеті ферма технологиялары автоматтандыру жүйесінде негізделген жүйемен жұмыс істеуде.
Қорыта айтқанда, цифрландыру барлық салада басымдыққа ие бола түспек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close