Basty bet

Сүттен бұлақ ағызған серіктестік

«Гамбург» ЖШС-ында 500 басқа жуық сауынды сиыр бағылуда

«Қыс – қатал сыншы» десек, биылғы ауа райы шаруаларға қолайлы болып тұр. Негізінен бұл мезгілде сақылдап сары аяз қысып, борандатып, қалың қар түсіп жатушы еді. Ал, биыл қаңтар айының басынан күн жылынып, жайма-шуақ күндер көп болды. Тек арасында тұманды, жаңбырлы күндерден соң оның арты қарға ұласып, жауған қар жерде тұрмай еріп кетіп жатыр.

Қазақта «Қыс шанаңды жаз сайла» деген сөз тектен-теккке айтылмаса керек. Осы бір үрдістен жаңылмай келе жатқан ауыл шаруашылығы құрылымдары биыл да ерте бастан қыстың қамына кірісіп кеткен еді.
Өткен апта соңында біз Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-ның тыныс-тіршілігі мен қысқа дайындығын өз көзімізбен көріп қайтқан болатынбыз. «Гамбург» ЖШС 1997 жылы құрылған. Шаруашылық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Серіктестік жұмысшыларының дені сол ауылдың тұрғындары. Олар аталған агроқұрылымнан нәпақа тауып, отбасын асырап отырған жайы бар. Ол да болса қарапайым тұрғындар үшін үлкен көмек. Бұл аудан бойынша егін және мал шаруашылығымен айналысып отырған үлкен агроқұрылым. Шаруашылық негізінде мүйізді ірі қара малын өсіріп, көбейтумен айналысады. Шаруашылықтың өзіне тиесілі егістік және жайылымдық жерлері бар. Ауыл шаруашылығы техникасымен де толықтай қамтылған.
Үлкен аумақты алып жатқан агроқұрылымның қора-жайы бірнеше сарайға бөлінген. Серіктестік мал азығын негізінен өз жерлерінен дайындайды. Олар пішендеме, арпа және бидай түрінен сабан, көп жылдық шөптің түрін тонналап қысқы мал азығы қорын молынан дайындайды.
Шаруашылықтың 3000 гектардай жері бар. Оның ішінде, 2000 гектары жайылымдық жер және қалған бөлігіне мал азығына бидай, арпа, жүгері, эспарцет егіледі. Өткен жылғы өнімнен 2000 тонна жем, 700 тонна сүрлем, 800 тонна пішендеме және 200 тонна шөп дайындалған.
-Өздеріңіз білесіздер, біздің серіктестік мүйізді ірі қара малының екі-үш түрін өсірумен айналысады. Қазіргі таңда жалпы 548 бас қара ала (черный пестрый) және «Голштейн» тұқымды сиырлары бағылуда. Олардың дені сауынды сиырлар. Қазіргі таңда фермада ғана 250 сиыр сауылып тұр. Төлдеу науқаны енді ғана басталды. Сол үшін көбінесе мал қораға бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді. Сиырдың бізде қара ала, голштейн тұқымынан бөлек ақбас етті түрі де бағылуда. Олар төлдегеннен соң бұзаулары енелерін сегіз ай еміп, әрі қарай бұзаулар енелерінен бөлініп бағылады. Жаз мезгілінде сүтті бес-алты тоннаға дейін өткіземіз. Ал қазіргі таңда 280-300 литр сүт өткізудеміз. Серіктестікте өндірілген сүт негізінен Меркі ауданындағы сүт өңдеу зауытына және «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ына өткерілуде,- дейді серіктестік бригадирі Наталья Сенченко.
Серіктестіктің жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысымдағы жұмысшылардың жұмысы таңғы үште басталып, әркім өз жұмысына кіріседі. Мысалы, сауыншылар сауынды сиырларын сауып, сүтті жинап, өткізуге дайындап қояды. Бұл жерде сауынды сиырлар қолмен емес, арнайы аппаратпен сауылады. Ал, бұзауларды қарайтын жұмысшылар бөлек. Олар төлдің туғаннан өздері қарап, сүттерін беріп, күтіп баптайды. Түнгі ауысымда екі малшы, күндізгі ауысымда төрт малшы тұрақты жұмыс істейді. Таңғы үште басталған жұмыстары күндізгі 12-00-де аяқталып, әрі қарай түскі астарын ішіп, екінші ауысымдағы жұмысшыларға жұмыстарын өткізеді.
Серіктестік бригадирінің айтуынша, бұл жерде мүйізді ірі қара малынан бөлек, жылқы да бағылады. Күн жылынса іште тұрған сауынды сиырларды сыртқа шығарып қарайды екен. Ал, көктемде арнайы жайылым жерлерге барып жайылады. Серіктестіктегі жем-шөп қоры жеткілікті. Сиырларды аман-есен төлдетіп, көктемге алып шықсақ деп отыр. Биылғы қыс жылы болып тұр. Арасында аяз болмаса, жалпы өткен жылға қарағанда жылылау. Аяз болса қара малдың да оны қарайтын жұмысшылардың да жағдайы болмай кетеді. Жалпы айтқанда, серіктестік мал қыстату науқанына жақсы дайындықпен кірісті.
Қосымша айта кететін болсақ, «Гамбург» ЖШС-ында 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы жүргізілуде. Қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылып қойған. Биыл аталған нысан толығымен аяқталады деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, мал шаруашылығындағы ең маңызды кезең – мал қыстату науқаны. Жауапты науқан кезінде мал шығынының болмауы – алдағы ырыс-несібенің кепілі.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close