Basty bet

Жәрмеңкеде мектепке қажетті заттар сатылды

Жаңа оқу жылы жақындап, жазғы демалыстың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осы аралықта ата-аналар балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарын әперіп, киіндіріп, жаңа оқу жылына қызу дайындық жүргізетіні белгілі.

Осыған орай, аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінің алаңшасында сәрсенбі күні «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Балаларды мектепке даярлаймыз!» ұранымен жәрмеңке өтті.
Жәрмеңкенің мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қолдау көрсету, сонымен бірге халыққа жалпы мектепке қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну.
Жәрмеңкеде оқушыларға мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтар және мектеп формалары қолжетімді бағада ұсынылды. Бұл ізгі шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және аудандық әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары арнайы қатысып, өз үлестерін қосты.
Одан бөлек, бұл қайырымдылық акциясында бірқатар кәсіпкерлер көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына керек-жарақтарын сатып алып беріп, балаларды қуанышқа бөледі.
Жәрмеңкеге жиналған жұртшылықтың қарасы көп болып, тек Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары ғана емес, сонымен бірге шет ауылдардан да тұрғындар ағылып келіп жатты.
Алаңшаның оң қапталынан орын алған саудагерлер бірінші орында дәптер, қаламсап, күнделік, сурет дәптері сынды заттарды саудаласа, екінші орында мектеп формалары, сөмкелер, аяқ киімдер және спорттық киімдер де рет-ретімен сатылымға қойылған екен.
Айта кету керек, жәрмеңкеде ауданға белгілі «Әсемова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Гүлмира Әсемованың тігін цехынан арнайы тігілген мектеп формалары қолжетімді бағада сатылымға қойды.
– Бүгінгі өткізіліп отырған шараға 28 және 50-ші өлшемдегі 200-дей мектеп формаларын әкеліп, 20 пайыз төмен бағада халыққа ұсынып отырмын. Кәсіпкерліктің жұмыс жасап жатқанына 20 жылдай уақыт болды. Кәсібімнің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын бірқалыпты форма киюге машықтандырып, сабақтарына, тәрбиесіне көп көңіл бөлінсе деген ой еді. Ал, мектеп оқушыларына әртүрлі киім киюге рұқсат берілсе, онда оқушылардың ойы сабақта емес, әдемі киімдерге ауып отыратынын білеміз. Сондықтан да мен 2015 жылдан бері бірнеше білім ошақтарымен келісімшартқа отырып, қарамағымдағы қызметкерлермен бірге мектеп формасын әзірлеуді мықтылап қолға алған едік, – дейді жеке кәсіпкер Гүлмира Тұрсынбайқызы.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Қаламқас Аюбаева өзінің мектеп жасындағы екі баласына дәптер, қаламсап, күнделік сияқты керекті заттарын сатып алғандығын айтып, сондай-ақ, мұндай төмен бағадағы жәрмеңкелер жиі-жиі ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Бақытжан Сәрсенбаев өзінің көпбалалы әке екендігін айтып, жәрмеңкеде балаларына барлық керектіні сатып алғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close