Basty bet
Ерлер денсаулығы – ұлт саулығының кепілі
Ер адамның денсаулығы – отбасының берекесі мен қоғамның дамуына тікелей әсер ететін маңызды құндылық. Денсаулығы мықты азамат еңбекке қабілетті, белсенді өмір сүріп, отбасының тірегіне айналады. Сондықтан ерлердің денсаулығын сақтау және белсіздіктің алдын алу – әрбір азаматтың өзіне жүктелген жауапкершілік.
Белсіздік – ер адамның ұрпақ сүю қабілетінің төмендеуі немесе жоғалуы саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенсек, бедеулік мәселесіне тап болған отбасылардың шамамен жартысында себеп ер адамның денсаулығына байланысты болады. Алайда, көптеген ер азаматтар уақтылы дәрігерге қаралмай, мәселені асқындырып алады.
Белсіздіктің негізгі себептеріне жыныс жолдарының жұқпалы аурулары, гормондық өзгерістер, созылмалы сырқаттар, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс пайдалану, есірткі заттарын қолдану, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, күйзеліс және қоршаған ортаның зиянды әсерлері жатады. Сонымен қатар, өндірістегі жоғары температура, химиялық заттармен жұмыс істеу және радиациялық әсер де ер адамның ұрпақ өрбіту қабілетіне кері ықпал етуі мүмкін.
Белсіздіктің алдын алу үшін саламатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы, зиянды әдеттерден бас тарту және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау – ерлердің денсаулығын нығайтудың негізгі шарттары. Сонымен бірге кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтанып, жұқпалы аурулардың алдын алу, жеке бас гигиенасын сақтау және қауіпсіз жыныстық қатынас қағидаларын ұстану қажет.
Жылына кемінде бір рет профилактикалық медициналық тексеруден өтіп, уролог немесе андролог дәрігердің кеңесіне жүгіну де маңызды. Егер, ерлі-зайыптылар бір жыл бойы тұрақты отбасылық өмір сүріп, қорғаныш құралдарын қолданбай жүрсе де жүктілік болмаса, екеуі де уақыт жоғалтпай медициналық тексеруден өткен жөн. Ерте анықталған көптеген аурулар қазіргі заманғы медицина мүмкіндіктерінің арқасында тиімді емделеді.
Ер адамның денсаулығы тек оның жеке мәселесі емес, ол – отбасының бақыты мен ұлттың демографиялық әлеуетіне әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақтылы тексеріліп, саламатты өмір салтын ұстануы қажет. Денсаулыққа бүгін жасалған қамқорлық – ертеңгі бақытты отбасы мен дені сау ұрпақтың берік негізі!
Ахметбек Исабек,
аудандық емхана бөлімінің жалпы тәжірибелік дәрігері