Basty bet
Кассациялық соттың құрылуы, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан негізгі реформалардың бірі
Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2024 жылғы 5 шілдедегі № 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 4 тармағына сай, “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енген.
Аталған Заң “кассациялық,” деген сөзбен толықтырылды.
Кассациялық соттарды өңіраралық сот мәртебесімен Қазақстан Республикасының Президенті құрады.
Кассациялық соттарды Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құрады, қайта ұйымдастырады, атауын өзгертеді және таратады.
Кассациялық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Жоғарғы Сот Төрағасы уәкілетті органның ұсынуы негізінде әрбір кассациялық сот үшін судьялардың санын Жоғары Сот Кеңесімен келісу бойынша белгілейді.
Судья лауазымына кандидаттардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін бағалау үшін кассациялық сот жанынан консультативтік-кеңесші орган – Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады.
Кассациялық сот судьялары лауазымдарына кандидаттар бойынша қорытындыларды Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес Жоғары Сот Кеңесіне құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін беруге тиіс.
Кассациялық сот:
1) сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды;
2) сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды;
3) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Кассациялық сот төрағасы судья болып табылады және судья міндеттерін атқарумен қатар сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді, кассациялық соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді, сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін облыстық соттың сот алқасының төрағасын, облыстық сот төрағасын, кассациялық сот судьясын тәртіптік жауаптылыққа тарту немесе тартпау туралы ұсынымды Сот жюриіне беру туралы мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде кассациялық соттың жалпы отырысының талқылауына шығаруды, сондай-ақ материалдарды Сот жюриіне жіберуді қамтамасыз етеді.
Кассациялық соттардың төрағалары бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, кассациялық сот судьялары немесе судья лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық сотта кемінде бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
Жуалы аудандық сотының судьясы
Байжан Жамалбекұлы