Basty bet
Сарбаздар балаларға қуаныш сыйлады
Ырыс пен берекенің арқауы болған көктем мезгілінің алғашқы айындағы мерекелік күндерінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің жеке құрамы балаларға жарқын және ұмытылмас қуаныш сыйлауды жалғастыруда.
Қасиетті Рамазан айына орай, департаменттің инженерлік техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, подполковник Әбдімәлік Құрмантаев бастаған жеке құрам Тараз қаласында орналасқан жергілікті Қ.Сарымолдаев атындағы жетім балалар орталығында болып қайтты.
Жамбылдық шекарашылар айтулы күндердің қарсаңында орталықтың тәрбиеленушілері мен тәлімгерлеріне арналған түрлі мерекелік іс-шаралар, концерттік бағдарламалар мен әскери-патриоттық қойылымдар ұйымдастырып отырады.
«Біз мұндай шараларға алдын ала жоспарлап, әбден дайындалып барамыз. Бүлдіршіндер бізден мейірім мен махаббат күтеді. Сондықтан оларға нағыз мерекелік көңіл-күй сылау үшін бар күшімізді саламыз. Жеке құраммен оларды қалай құттықтайтынымыздан бастап, кештің қойылатын бағдарламаларына дейін егжей-тегжейлі ақылдасамыз. Олардың аз да болсын уақыттың ішінде әсерге толы ғажайып күйге бөленуі – біз үшін үлкен бақыт», – дейді инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің тәрбие бойынша орынбасары, подполковник Бектас Оралбеков.
Атбасын бұрып келген департаменттің әскери қызметшілері бұл жолы орталықтың тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Департамент сарбаздары түрлі жанрдағы әндерді жанды дауыспен айтып, ұлттық аспаптарда керемет композицияларды орындап, би билеумен кішкентай көрермендерді тамсандырды.
Мерекелік шара барысында жасыл түсті күнқағарлармен дайындалған мемлекеттік шекарадағы ел шебін қорғауда қолданылатын қоян-қолтық ұрыс түрлерінің қойылымы бүлдіршіндерге ұмытылмастай тамаша әсер қалдырды.Жауынгерлік қойылым балалардың отансүйгіштік сезімдерін арттырып, болашақта шекарашылар қатарына қосылып, ел қорғандары болуға негіз болмақ.
Шара соңында мерзімдік әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Ерендай Арапат дәмі тіл үйіретіндей арнайы мерекелік палау әзірлеп, дәмді тағамдарға толы мол дастарқан жайылды.
Шекара сақшылары үшін мұндай іс-шаралар жақсы дәстүрге айналып, алдағы айтулы күндерде де жалғасын табатындығын атап өткіміз келеді.
Т.Серікқалиев,
капитан,
«ОS-ЧР».