Basty bet

Оқушылар чемпионмен кездесті

Спорт – денсаулықтың кепілі. Әдетте кез келген адам саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы мүмкін. Алайда одан шын спортшының шығуы екіталай дүние. Өйткені, спорт өнерінде қайтпас қайсар мінез бен күш-жігерді үйлестіре білген азамат ғана жеңіске жететіні өмір шындығы.
Бүгінде еліміздің атын әлемге танытып, аспан түстес көк туымызды биікте желбіретіп жүрген қаншама даңқты спортшыларымыз бар. Солардың қатарында біздің мектептен түлеп ұшқан спортшылар да баршылық. Жақында мектебімізде «Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз!» тақырыбында танымал спортшылармен кездесу ұйымдастырылған болатын.
Аталған шараға мектебіміздің түлегі, жерлесіміз еркін күрестен Казақстан чемпионатының І орын иегері және Орта Азия чемпионатының ІІ орын иегері Руфат Қалжанов қатысты.
Руфат Қалжан – бала күнінен спортқа қызығушылық танытып, оны жанына серік етіп келе жатқан азамат. Үлкен спортта бірқатар жоғары жетістерді еншілеген спортшы оқушылармен кездесу барысында өзінің өмір жолымен қатар, үлкен спортқа қалай келгенін де оқушыларға қызықты етіп әңгімелеп берді.
Кездесу барысында оқушылар спортшы жерлестеріне өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, чемпион ұлдың жеңіске жеткен сәтін бейнероликтен көріп, тамашалады.
Кездесу соңында Руфат Қалжанов мектеп оқушыларын тек талмай еңбек етуге шақырумен қатар, адам жетістігінің көбісі тек еңбекпен ғана келетінін айтты. Сонымен қатар, талмай ізденіп, еңбек еткен адам ғана арманын алақанында, мақсатын уысында ұстай алатынын жеткізді.
Ұлы ғұлама, медицина ғылымының негізін қалаушы Ибн Сина өз шығармаларында жазып қалдырғандай, ғұлама спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Бұл спорттың қай түрін алсақ та, оның қайсысында да жеңіске оңай жолмен жету, тұғырдың ең биік сатысында тұру оңай емес. Біз де еліміздің мерейін асырып, саламатты өмір салтын насихаттап жүрген Руфат Қалжан сынды түлегімізді әрқашан мақтан етеміз. Жерлес спортшыға қажымас қайрат, талмас қанат тілейміз. Алар асулары мен жеңісті күндері көп болсын!
Данияр Түлкібаев,
№5 М.Ломоносов атындағы
орта мектептің
дене шынықтыру
пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close