Basty bet
Жат ағым жарға жығады!
Жат ағым идеологиясын XIII ғасырда Ибн Таймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті, Ибн Таймияға өз уақытында Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарды. Ибн Таймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты. Тарихқа үңілер болсақ, уаһабшылдық идеология негізінен XX ғасырдың басында I дүниежүзілік соғыстан кейін өз тәуелсіздігін алды. Алайда, уаһабшылдық идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппағандықтан, олар өздерін жағымды көрсету мақсатында, біз «салафиміз» (бұрынғылардың жолын ұстанамыз) деген ұранымен бүгінде «салафизм» атымен танылып үлгерді.
Қазіргі таңда оларды жақтайтын бір бөлім отандас дінтанушыларымыз салафилік ағымы «қалыпты салафи» және «қауіпті салафи» деп екіге бөліп көрсетуге тырысып жүр. Олардың, елімізге «қалыпты салафилердің зияны жоқ» деген сынды көзқарастары сол ағымды жақтап тұрғандай. Өйткені, салафилік ағымды «қалыпты салафи» және «қауіпті салафи» деп екіге бөліп қарауға келмейді. Олардың қай бағыты болсын сүйенетін доктриналық әдебиеттері бір.
Олардың ғалымдары мұның бәрін біледі. Біле тұра істемейді. Яғни, олардың мақсаты соңына ергендерді мәңгүрттендіріп, айтқанын істету, саяси мақсаттарына жету болып отыр. Қасиетті Құранның алғашқы аятының «Оқы…» әмірімен түскенін, «ақылды пайдалану» керектігін қатардағы бір діни тұлға да ажырата алады. Бұл «Оқы…» әмірінің білім іздеуді, үйренуді, толғануды, өзгелердің пікірімен санасуды, т.б. көптеген мағыналарды қамтитыны түсінікті. Соған қарамастан, олардың Құран аяттары мен хадистердің мәніне үңілуге тыйым салып, сыртқы мәнімен шектеп қоюы сөзіміздің дәлелі тәрізді. Ұлттық құндылықтарды жоққа шығару: Бір елдің ұлттық құндылығын жоққа шығару – сол елді бағыт-бағдарынан адастырудың басты шарты.
Ж.Баласағұн бабамыздың: «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, Оны үйрете алмас ешбір мұғалім» — дегенін ескерер болсақ, ата-баба салт-дәстүріне «анау бидғат», «мынау ширк» деп қарсы тұру халқымыздың әдет-ғұрпымен қалыптасқан ұлттық тәрбиеден қол үздірудің бір тәсілі болып табылады. Салафилік ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрғандарға қазақ халқының әдет-ғұрпын мүмкіндігінше дінге кереғар етіп көрсету арқылы өз идеологияларын өткізеді. Жақтастарын көбейтеді. Нәтижеде, қазақты қазаққа қарсы қойып, елдің, ұлттың бүтіндігін бұзады. Зайырлылық мемлекетті мойындамау: Салафилік ағымының көзқарасы бойынша, мемлекеттік Конституциясы ислам шариғатынан бөлек, яғни, Құран мен сүннеттен болмаған саяси жүйе болса болды кәпірге шығарады. Зайырлы мемлекеттің Ата Заңына қолдау көрсеткен, сол елдің экономикасының өсуіне қолұшын берген жандарды да жауы ретінде таниды. Елі үшін адал қызмет етіп жатқан адамдарды, тіпті, олар мұсылман болса да өз идеологияларын қолдамағаны үшін айыптайды.
Жат ағымның мемлекет Конституциясына қарсы тұруып мемлекет тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні даусыз. Ендігі кезекте, «Жат ағымды қалай ауыздықтай аламыз, оның идеологиясын түбегейлі жеңудің жолдары не?» – деген сұрақтардың туындары анық. Салафилік ағымның идеологиясының ықпалында кеткен адам, әрбір ісіне салафилік идеологияның дүрбісімен қарап, сол негізде өмірлік ұстаным қалыптастырады. Оның танымын өзгерту, райынан қайтару көп күш сарып етуді талап етеді. «Отан – отбасыдан тұрады» дегендей, отбасындағы ата-анасын кәпірге шығарып қараусыз қалдыру, әйеліне талақ беріп жалғыз басты жесір әйелдер мен тәрбие көрмеген жетімдердің көбеюінің бір ұшы осы идеологиямен тікелей қатысты. Сондықтан, оларға қарсы тұрудың ең басты шарты, ол – қоғам мен биліктің өзара үндесуі, ұлттық бірлік.
Қазір салафилік идеология араб елдерімен шектелмей, әлемнің көптеген аймақтарына таралып үлгерді. Қазақстан мұсылмандары арасында, әсіресе жастар ортасында салафилік көзқарастар кеңінен таралу үстінде. Олар жастардың санасын бұзып, мәңгүртке уағыздауда. Мұны тағы да тілге тиек етпеске болмайды.
Қорытындылай келе, бұған біз де кінәліміз!? Себебі, жақынымызды, өз бауырларымызға жақсы жолды көрсете алмадық. Ата-ана бала бағып, жан сақтаудың қамымен азанда кеткеннен кеш оралды. Еріккен бала ғаламторды ермегіне айналдырғандықтан, өз еркін жеңе алмаған кейбір жастар әлеуметтік желілердегі уағыздарды тыңдап, шала жансар «діндар» болды. «Ештен кеш жақсы» деген, ендеше, ел ішінде адасып жүрген азаматтарды жат ағымның ықпалынан арашалап, оларды қорғау, адасқандарды ақылға шақыру – баршамыздың ортақ міндет.
Рамазан ӘБЕЛИЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ Жуалы ауданы бойынша инспекторы