Basty bet

Халыққа сапалы қызмет көрсету – басты мақсат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аса маңызды 11 басым бағыттан тұрады. Оның ішінде «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі» атты тоғызыншы бағыттың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын орны ерекше. Себебі, бүгінде әлемнің дамыған елдерінде халыққа қызмет көрсететін барлық сала жаһандану талабына сәйкес электронды форматқа көшірілуде. Сондықтан Қазақстан да бұл үрдістен қалмауға тиіс.

Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыру сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы екенін де ерекше атап өтті. Бұл ретте, ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз ету керектігін айтты. Сондай-ақ интернетке қолжетімділік жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отырғанына да назар аударылып отыр.
– Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек, – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан арылуды, сол арқылы ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуіне тоқтатып, мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы ретте, қарапайым өмірден мысал келтірейік.
Бұрын аудан әкімдігіне немесе аудандағы белгілі бір мекемеге қызмет барысымен хат жазылса, аталған хат міндетті түрде қолма-қол табысталатын. Бұл сөзсіз уақытты шығындайтын және мамандардың жұмысын кешеуілдететін. Ал қазіргі таңда хат электронды түрде шығысталып, ресми органның поштасына жолданады. Жүйеге келіп түскен хатты тиісті мамандар алып, басшының қарауына ұсынады. Ешкім барып, келіп әуре болмайды. Бұл екі тарап үшін де тиімді.
Тағы бір мысал, осыдан бірнеше жыл бұрын Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек көп болатын. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекттік корпорациясы» КЕ АҚ арқылы алынатын анықтамаларды жұртшылық мекемеге барып алатын. Қазір бұл өзгерді. Қолыңызда смартфоныңыз болса, «Телеграмм-бот» жүйесіне кіріп, үйден шықпай-ақ «Е-gov» үкіметтік порталы арқылы қажетті анықтаманы алуыңызға болады. Бұл да уақытты, түптеп келгенде, қаражатты үнемдеуге негіз екені анық. Осыны ескерген Президент мекенжай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар екенін айта келе, «Мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дипломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс»,- деді. Расында да халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн.
Елдегі цифрландыру және электрондық үкімет порталы арқылы халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекеменің бірі – Халыққа қызмет көрсету бөлімі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының Жуалы аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімі бұл бағытта өнімді жұмыс істеу үстінде. Бүгінде бөлімді білікті маман – Ермек Абдиваитов есімді азамат басқарады.
Осыған орай, аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ермек Абдиваитовтан ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстары туралы сұраған едік.
– Аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімінің реттеу залында құжат қабылдайтын алты терезе, өзі-өзіне қызмет көрсету бойынша жеті терезе, дайын құжаттарды беретін бір терезе, азаматтардың жеке куәліктері мен төлқұжатын беретін бір терезе, екі терезе азаматтарды тіркеу және құжаттандыру бағыты бойынша және арнайы анықтама беретін кеңес беру үстелі бар. Сондай-ақ, реттеу залында өтініштерді толтыруға септігін тигізетін арнайы жабдықталған стендтер, стандарттар бар. Бөлімде 13 маман, екі жетекші маман және жеті техперсонал қызмет етеді. Ал, енді бөлімнің үстіміздегі жылдың алты айында атқарған жұмыстарына тоқтала кетейік. Жыл басынан бері 14 223 құжат қабылданса, 14 330 құжат берілген. Сонымен бірге, 5 451 электронды цифрлық қолтаңба беріліп, олардың ішінен жеке куәлікке жазылған саны – 3 521, онлайн растау саны – 1930 құрап отыр. Одан бөлек, өзі-өзіне қызмет көрсету секторында 28 144 қызмет көрсетілсе, 23 661 кеңес берілген және 761 транзакциясы, 1 645 750 төлем ақысы түбіртектері бар.
Аудан әкімі аппаратымен бірігіп жасалған келісімге сәйкес аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді құжаттандыру мақсатында бөлімнен арнайы «Мобильді ХҚКО» құрылып, қашық орналасқан алты ауылдық округтерге өндірістік бұйрықпен бекітілген қызметкерлер барып, халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда әртүрлі сала бойынша қабылданған құжат саны – 3 106, берілген құжат саны – 1 015 және жылжымалы Халыққа қызмет көрсету бөлімі арқылы іссапарға шығу саны – 48. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемелекеттік қызмет бойынша 58 құжат қабылданды, олардың ішінен көрсетілген қызмет саны – 58 және зейнетақылар мен жәрдемақылардың қайта қаралған істердің саны – 151 болса, зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға берілген анықтамалар саны – 915; Egov mobile базасына тіркелгендер саны – 1 815.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ағымдағы жылға арналған іс-шаралар жоспары толығымен орындалды. Алайда, құқық қорғау органдарымен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін» тоқсан сайын «дөңгелек үстел» өткізіледі және аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне тұрақты түрде мақалалар жарияланады, – дейді Ермек Сайтбайұлы.
Бөлімнің басшысы Е.Абдиваитовтың берген мәліметіне сүйенер болсақ, аудан әкімінің аппаратымен бірігіп жасалған келісімге сәйкес, аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарын құжаттандыру мақсатында «Мобильді ХҚКО» қызметі құрылып, бөлімнен қашықта орналасқан төрт ауылдық округке бұйрықпен бекітілген өндірістік қызметкерлер арнайы барып, сондағы тұрғындарға тиісті қызметтер көрсетеді. Бүгінгі таңда әртүрлі салалар бойынша тұрғындардан 645 құжат қабылданып, берілген құжат саны – 417-ге жеткен. Сондай-ақ, жылжымалы халыққа қызмет көрсету бөлімі осы кезге дейін 24 рет қызметтік іссапарға шығып, қызметкерлермен көрсетілген электрондық қызметтердің саны – 11 005-ті құрап отыр.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемелекеттік қызмет көрсету бойынша 24 құжат қабылданып, олардың ішінен көрсетілген қызмет саны – 19. Зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға берілген анықтамалар саны – 363-ті құрап, олар Egov mobile базасына тіркелген» дейді аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ермек Сайтбайұлы.
Айта кету керек, бөлім басшысының айтуынша, бөлімнің қызметіне жүгінген азаматтардан арыз-шағымдар түспеген және іс номенклатурасы бойынша арнайы журнал арналған және лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері туралы азаматтардың арыздары мен өтініштеріне арналған жәшік жасалып, көрнекті жерге қойылған екен. Арыз-шағым түскен кезде, жәшік мөрдің бүлінбегені тексерілгеннен кейін ашылады. Арыз-шағымды қораптан алу үшін комиссия тағайындалады, ол туралы тиісті акт жасалады.
Жәшікке тапсырылған арыз-шағымдар дұрыс мекенжайлануы және ресімделуі, құжаттар мен оларға қосымшалардың толықтығы мен бүтіндігі, қойылған қолдардың, даталарының болуы тексеріліп, талаптарға сәйкес келетін өтініштер міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алуға және қарауға жатады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close