Basty bet
Табиғат сұлулығын сақтай білейік!
Табиғатты құрайтын бөліктерінің бірі – құстар. Халық ежелден аң, құстарға әуес. Оларға деген сүйіспеншілігін шексіз дәріптеп, ең жақсы көретін адамдарды құсқа теңеу арқылы ол ықыласын көпке аян етеді.
Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыл да батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы «Сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану дегенде жатыр. Мысалы, гүлді алайық. Сол гүлдерге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың ішінде сұлулары аз емес. Құстардың ішінде де қаншама сұлулары бар. Сол себепті де, қарағым, сұлулық деген нәрсенің өзі – табиғаттың көркі. … Осы күнде ғалымбыз деп жүрміз, бірақ табиғатқа қарсылық ету – күнә» деп табиғат сұлулығын сезіне білу және аялау қажеттігін ескерткен.
Шөбі шүйгін, суы бал Жуалы жерінде жыл құстары алысқа сапар шегуге дайындалып, Шақпақ асуы арқылы қыс мекенге болмаса, өзге жерден оралуға ерте көктемнен бастап жол тартады екен. Бұл көрініс Жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан жері биік, таулы Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп атайды. Осы Құс жолына керілген торға түскен құстарға қазақ жерінде өсіп-өнгені туралы сақина салып, қайта ұшыру сәтін мамандармен бірге өткізу – менің және інімнің сүйікті ісі.
Орнитологтар жылына екі рет өздерінің құс ұстау лагерьлеріне келіп, торға түскен құстарды зерттеп, әлемнің қай елінде сақиналанғанын тіркеп, сақиналап қайта ұшырады. Осы сәттерді біз де тамашалап, құстардың өзіндік ерекшеліктері туралы, жалпы орнитологтардың қиын да қызықты жұмыстарымен танысқан болатынбыз. Өзіміз де сақиналау жұмыстарына қатысып, оларды өз қолымызбен қайта қалықтатып, еркін ұша берулеріне тілектес болып тордан босаттық.
Байқағанымыз, босатылған құстар «Бостандық қандай керемет!» деп аспанда қалықтап ұшып бара жатқандай. Тіке көтеріліп, биіктей береді. Мұндай көріністен ерекше әсер алып, кереметтігін сезіндік. Орнитологтармен алдағы уақытта сәуір айында көктемгі сақина салу жұмыстарына қатысып, осы тақырып бойынша мектепте ғылыми жоба жұмыстарын жазуды жоспарлаудамыз.
Табиғат сұлулығын сақтай білу – әрбір адамның экологиялық мәдениеттілігінің басты көрсеткіші. Әрқайсымыз Табиғат- Ана алдында мәңгі-бақи қарыздар екенімізді естен шығармауымыз керек.
Рамазан Маратұлы,
№22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы