Basty bet
“Жоспарымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету”
2017 жылдың 12 желтоқсанында “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған. “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, сонымен бірге ұлттық экономиканы цифрландыру.
Қазіргі таңда ID саласы дүниежүзі бойынша айрықша сұранысқа ие. Оның ішінде ақпараттық технологиялардың қарышты қадаммен жетіліп, күн санап дамып жатқан қазіргі заманда оны қолға алмасақ, дамытпасақ, дамыған, өркениетті елдердің қатарына ену Қазақстан үшін орындалмас арман болып қалары сөзсіз. Себебі, экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары өркениетті елдердің барлығы дерлік сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуы мен халқының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында: “…Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай Үкіметке “Цифрлық Қазақстан” жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын…” деді.
Осы уақыт ішінде Қазақстандағы цифрландыру жүйесі едәуір өскенін байқауға болады. Қазақстанда онлайн сауда нарығы дамып келеді. Қазақстан халқының басым бөлігі цифрлық сауатты. Үйден немесе кеңседен шықпай-ақ түрлі операцияларды жасай алады. Бұрындары кезекте тұрып, уақытты сарп етіп, арнайы мекемеге бару керек болса, қазір Қазақстан халқы төлемді де, оның ішінде салық, айыппұл төлеу, коммуналды қызметтерді жасау секілді, тағы да басқа операцияларды орындай алады.
Отандық байланыс дегенде халықтың жадында жатталып қалған, ойына бірден орала кететін ордалы шаңырақ – “Қазақтелеком”.
“Қазақтелеком” компаниясы егемендік алған еңселі тұстан бастап, тіпті оған дейін де халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан телекоммуникация саласындағы тегеурінді ұжым.
Компанияның еліміздің барлық өңіріндегі бөлімшелері бұқара халыққа байланыс саласының барлық талаптарына сай қызмет көрсетеді. Отандық ақпараттық коммуникация нарығын дамыту саясатын іске асыра отырып, әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары технологиялы инфрақұрылым жүйесін құрды.
Жақында “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының Жуалы аудандық бөлімшесінің басшысы Нүркен Оңдасыновпен кездесіп, мекеменің тыныс-тіршілігі жайлы аз-кем әңгімелескен едік.
Нүркен Бақытжанұлы алдымен мекеменің негізгі қызмет түрлеріне тоқталды.
-Мекеме негізінен байырғы әрі ең сенімді байланыс түрі телефон, жоғары жылдамдықты интернет, ІD-телевидение, SIM карталар беру, тағы да басқа қызмет түрлерін көрсетеді.
Мекемеде бірнеше бөлім бар. Соның ішінде сату бөлімі қызметтерді сатумен айналысады, тұтынушылардың сұрақтарына жауап береді.
Электромонтер бөлімі қызметтерді қосу, бұзылған жағдайда жөндеумен айналысады.
Инженерлік құрам станциялардағы жаңашыл қызметтермен айналысады, яғни жаңа қызметтерді қосады.
Интернет жылдамдығы төлемақысына байланысты әртүрлі болып келеді. Оны тұтынушы өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарай таңдайды. Интернет сымды және сымсыз байланыс арқылы іске қосылады.
Сымды байланыс ұялы байланыс пайда болғанда енді қажет емес деп ойлағандар аз болған жоқ әрине. Алайда ең сенімді байланыс о бастан келе жатқан сымды байланыс. Елімізде түрлі жағдайлар орын алғанда, төтенше жағдайда да тек сымды байланыс қана үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Бұл мәселе бойынша ауданда берілген жоспар толығымен орындалды. Аудандағы байланыс түрлері: бестік және екілік. Ауданымызда сыйымдылық толуына байланысты және телефон орнатуға сұраныс көп болуына байланысты алда әлі де жұмыстар атқарылады.
ІD-телевидение қызметін тұтынушылар да ауданда көп. Қызметтерді тұрғындарға барынша тиімді ұсынуға тырысамыз. Мәселен, телефон, интернет, телевидение қызметін пайдаланушыларға қосымша SIM карталар беріледі. Бұл SIM карталар басқаларға қарағанда ай сайынғы төлемақысы жағынан едәуір арзан.
Біздің алдағы жоспарымыз – халыққа барынша сапалы қызмет көрсету, жаңашылдықтарды енгізу,- дейді Нүркен Бақытжанұлы.
“Қазақтелеком” АҚ уақыт көшіне сай қалыптасқан игі дәстүрлерін сақтай отырып дамып келеді. Жыл сайын қызмет көрсету аясы кеңіп, технологиялық үдерістерді жақсарту мен технологияларды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Заманауи нарық талаптары күн сайын байланыс саласына өзгеріс әкеліп, бизнес-орта талаптары күрделене түскенімен, аты аңызға айналған мекеме өз биігінен түскен жоқ. Алдағы уақытта да тегеурінді компания егемендікпен бірге жасап, ел игілігі жолында жаңа белестерді бағындыра беретініне сенеміз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»