Basty bet
Ең бастысы – құрылыстың сапасы мен мерзіміне мән беру қажет
Биыл ауданға қарасты бірқатар ауылдарда көше жолдарын жөндеу, сонымен қатар ауызсу жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Ауыл тұрғындарына инженерлік және инфрақұрылымдық жүйелердің қолжетімділігін арттыру өңір басшылығының да тұрақты назарындағы мәселе. Ал құрылыс жүріп жатқан нысандарда жұмыстарды сапалы атқару, оларды мерзімінде аяқтап, тұрғындардың игілігіне уақтылы тапсыру өте маңызды.
Сейсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудан орталығындағы және бірқатар ауылдық округтердегі жаңа құрылыс нысандарымен, сонымен бірге жаңадан салынып жатқан көше жолдарының және ауызсу жүйелерінің құрылыстарымен жете танысып, мердігерлермен сөйлесіп, жұмыс барысында орын алған олқылықтарға байланысты бірқатар ескертпелерін де жеткізді.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза өзінің орынбасары Асхат Жабағымен бірге ең алдымен аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысқанда мердігер мекеменің өкілдеріне құрылыс объектісін уақтылы бастап, оны сапалы жүргізіп, уақтылы тапсыруды баса айтты. Айта кету керек, былтыр аудан орталығында 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде, жыл аяғында ауданда көп жылдан бері тұрғын үйдің кезегінде тұрған отбасыларға пәтер берілді. Ал биыл оның жанынан тағы бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «КазЦентрПроект» ЖШС жүргізуде. Құрылысшылар қазір үйдің іргетасын құюға негіз жасап жатыр.
Сонымен бірге аудан басшысы орталықтағы орта жөндеуден өткізіліп жатқан Төле би көшесінің жолын да аралап көрді. Мердігер мекеме басшыларының айтуынша, ұзындығы жарты шақырымға жуықтайтын көше жолының жартысына асфальт жабыны төселгенімен, қалған бөлігін жөндеу жұмыстары асфальт тапшылығына байланысты уақытша тоқтап тұр. Одан бөлек, алдағы уақытта бұл көшеге суағар лоток қойылады.
Өңір басшысы келесі кезекте Б.Момышұлы ауылындағы орталық саябақтың бір шетінен салынып жатқан спорт кешенін көріп, мердігер мекеменің басшылығына бірқатар сын-ескертпелерін жеткізді. Көпшілікке мәлім болғандай, бұл спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы бұдан екі жыл бұрын басталғанына қарамастан, «сақалды құрылысқа» айналып, аяқталмай отыр. Мердігер мекеме басшылары аталған құрылысты аяқтауға қаржы мәселесінің қолбайлау болып отырғанын айтса, аудан басшысы Ж.Мұртаза аталған мәселелерді шешіп, құрылысты биыл жыл соңына дейін аяқтаудың қажеттігін қатаң ескертті.
Келесі кезекте аудан басшысы Ақтөбе ауылдық округіне барып, онда округтің орталығы Бәйтерек ауылында жүргізіліп жатқан ауызсу жүйесінің және көше жолдарының құрылысымен танысты. Айта кету керек, Бәйтерек ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Құрылысқа жауапты «Форте капитал» ЖШС-ның тарапынан осы күнге дейін магистральды құбырларды тартып үлгерген. Сусорғы стансасы салынып, мұнда да резервуарлар орнату, тағы басқа қосалқы жұмыстар қоса атқарылуда. Мердігер мекеме басшысының орынбасары Мұрат Юрчиев өз сөзінде, ауызсу жүйесінің құрылысы аяқталғанда ауылдағы 360 абонентке таза ауызсу жеткізілетінін айтады.
Бәйтерек ауылында биыл атқарылып жатқан тағы бір маңызды жұмыстың бірі – көше жолдарын жөндеу және жарықтандыру. Биыл «Даурен Буилт» ЖШС ауылдағы осыншама көшені орта жөндеуден өткізіп, жарықтандыру жұмыстарын атқармақ. Құрылыстың барысы туралы мердігер мекеменің өкілі Дүйсенбай Жұмабаев баяндады. Аудан басшысы Жалғас Мұртаза жөндеу жұмыстарының барысымен жете танысқаннан кейін мердігерлерге жұмыстың сапасы мен мерзіміне назар аударып, оны уақтылы пайдалануға берудің маңыздылығын баса айтты.
Аудан басшысы Ақтөбе ауылынан орталыққа қайтар жолда Қызыларық ауылдық округіне де аялдады. Ондағы мақсат – Сұрым ауылының жоғарғы бөлігінде жүргізіліп жатқан ауызсу жүйесінің құрылысымен танысу. Иә, бірнеше жылдан бері тұрғынар тарапынан үнемі мәселе ретінде көтеріліп келе жатқан ауызсу жүйесінің құрылысын биыл аудандық «Жуалы-Су» мекемесі атқаруды өз міндетіне алып отыр. Қазіргі таңда көшелерде магистарльды құбырларды орналастару жұмыстары атқарылуда. Жалпы құрылыстың барысымен мекеме басшысы Қуанышбек Болысбаев кеңінен таныстырды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза түс ауа Жетітөбе ауылдық округіне де арнайы барды. Ондағы мақсат – ауылдық округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы ескі әмбебап дүкеннің ғимаратын спорт нысанына айналдыру үшін жасалатын қайта жаңғырту (реконструкциялау) жұмыстарының, көше жолдарының және ауылдағы ауызсу жүйесінің құрылысымен танысу болатын. Ескі дүкен ғимаратын мердігер мекеменің өкілдерімен бірге аралап көрген аудан басшысы Ж.Мұртаза құрылысқа жауаптыларға өз ойын жеткізді.
-Мен былтыр ауданға басшы болып тағайындалғаннан кейін көп уақыт өтпей Кәріқорған ауылынан спорт нысанын салу жұмыстарын қолға алдым. Бұл нысан ауыл тұрғындарына және жастарға өте керек. Себебі, ауылдық округ алты ауылдан тұрады. Оның бірде бірінде дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатын нысан жоқтың қасы. Осыған қарамастан, жас жеткіншектердің спорттағы жетістіктері жетерлік. Сондықтан тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ауылда бос тұрған осы ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алдық. Мердігерлерге айтарым, құрылысты уақтылы бастаңыздар. Себебі, уақыт бізді күтпейді. Сондықтан ертерек қимылдау қажет,- деді аудан басшысы.
Биыл Жетітөбе ауылдық округінде Кәріқорған және Тасбастау ауылдарына жаңадан ауызсу жүйесі тартылуда. Бұл жұмыстарды атқаруды өз міндетіне алған мердігер мекеменің бас инженері Ғалымжан Жұмаділдаевтың айтуынша, ауылішілік магистральды құбыр тарту жұмыстары атқарылып, ендігі кезекте сусорғы стансасының басына жалпы сыйымдылығы 150 кубты құрайтын екі бірдей резервуар салынып және басқа да жұмыстар жасалған. 110 метр тереңдіктен таза су шығарылып, мұнда екі бірдей сусорғы толыққанды жұмыс істеп тұр. Жалпы өзіміз көргендей, мердігер мекеменің атқарған жұмыстары өте сапалы. Ауыл тұрғындарына да ауызсуды уақтылы жеткізуге күш салып жатқаны атқарған жұмыстарынан көрініп-ақ тұр. Мердігерлер ауылдағы 142 абоненттен бөлек, ауыл мектебіне және мешітке су құбырын тегін кіргізіп бермек.
Айта кетсек, биыл ауданға қарасты Қаратас және Қызтоған ауылдарын модульды блок арқылы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда екі ауылда да магистральды құбырлар қазылып, ендігі кезекте су шығару жұмыстары басталды. Бұл туралы мердігер мекеменің басшылары айтты.
Жалпы биыл өңір тұрғындарына жағдай жасау үшін ауданда аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Ал оларға тиісінше, бақылау мен қадағалау жасау өте маңызды. Бұл ретте ауызсу жүйесінің және көше жолдарын орта жөндеу жұмыстары аудан басшысының тарапынан тиісті назарға алынып, жұмысты атқаруға жауапты мердігер мекеме басшыларының алдында құрылыстарды сапалы аяқтап, тұрғындардың игілігіне уақтылы беру сияқты маңызды міндеттер тұр. Сондықтан, қай жұмыста да оның сапалы және мерзімінде орындалуы аудан басшысының тарапынан қатаң ескертілді.
Құрылыс нысандарын аралау кезінде мердігерлер тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»