Basty bet
Ұлттар достығы – басты байлығымыз!
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аудандық мәдениет үйінің алаңында “Бір шаңырақ астында” атты мерекелік шара өтті.
Алаңға өзбек, әзірбайжан, славян, неміс этномәдени бірлестік өкілдері өздерінің ұлттық қолөнер туындыларынан көрме жасады.
Мерекелік шараға жиналған көпшілікті аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы құттықтап, игі тілегін жеткізді.
-Жақында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясы өтті.
Президент өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басымдығын айқындап, қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Бұл міндеттер мен мақсаттарды өздеріңізбен бірге жүзеге асыратынымызға сенімім мол.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті деп білемін,- деді Анар Садыққызы. Сонымен бірге этномәдени бірлестік жетекшілері Эсмира Мамедова, Зувайда Мажитова, Ирина Протасова, Севара Мауленованы аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Мемлекетіміздің басты жетістігі – еліміздегі халықтардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімі өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Сондықтан этномәдени бірлестік төрайымдарына Қазақстан халықтары арасында бейбітшілікті достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған үлестері үшін ауданның барлық тұрғындарының атынан алғыс білдірген аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Алғысхатын және бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Әрі қарай өзбек, әзербайжан, славян, неміс, шешен этномәдени бірлестік мүшелері өнер көрсетті. Ұлттық билерін билеп, ән айтты. Жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Кезек аудан өнерпаздары да түрлі ұлттың биін биледі. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары ұйымдастырған “Ұлттардың достығы – басты байлығымыз!” деген нөмерге берілді. Яғни, кітапханашылар түрлі ұлттардың амандасу рәсімін көрсетті, кітап көрмесін жасады.
Мерекелік шара “Қызғалдақ” ән-би ансамбілінің әншілерінің орындауындағы патриоттық әндермен аяқталды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»